Астаналық оқушылар 7 мың пластик қақпақтан экологиялық мозаика жасады
Астанада №81 Astana English School мектебінде «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында «Eco Impact» жобасы іске асты. Бұл жобаны оқушы Болат Айғаным бастап, мектеп оқушылары мен ата-аналарын қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға және қалдықтарды қайта өңдеудің маңызын түсіндіруге шақырды.
7 мың пластик қақпақ жиналды
Жоба барысында мектептің барлық сынып оқушылары мен ата-аналары пластик қақпақ жинау акциясына қатысты. Нәтижесінде жеті мыңға жуық қақпақ жиналды. Осы қақпақтардың барлығынан мектеп ішінде үлкен экологиялық мозаика жасалды. Бұл шара оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытып, пластик қалдықтарына екінші өмір сыйлады.
Жобаның ерекшелігі мен құндылықтары
Экологиялық жоба әртүрлі сынып оқушыларын бір мақсатқа біріктірді. Еріктілер бірігіп жұмыс істеп, өзара пікір алмасу, тыңдау, командалық жұмыс және көшбасшылық дағдыларын жетілдірді. Мектеп ата-аналары да бастамаға қолдау көрсетті. Сонымен қатар, жоба аясында «Адал азамат» бағдарламасының жауапкершілік, еңбекқорлық, жаңашылдық және әділеттілік құндылықтары оқушылар арасында дәріптелді.
Идея авторы мен жобаның маңызы
Жобаны ұйымдастырған Болат Айғаным акцияның идеясын ұсынды және еріктілердің жұмысын үйлестірді. Ол экологиялық мозаика жасау барысын басқарып отырды. «Eco Impact» жобасы арқылы әр адамның кішігірім ісі қоршаған ортаны жақсартуға ықпал ете алатыны көрсетілді.
Дереккөз: gov.kz


