Астанада «Kaztraffic-2026» халықаралық жол саласы көрмесі 18-20 қарашада өтеді
2026 жылдың 18-20 қарашасы аралығында Астана қаласындағы EXPO халықаралық көрме орталығында «Kaztraffic-2026» халықаралық мамандандырылған көрмесі өтеді. Іс-шара Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылады.
Көрмеде Көлік министрлігі мен Автомобиль жолдары комитетінің өкілдері, сондай-ақ отандық және шетелдік 150-ге жуық компания, жол-құрылыс техникасы мен материалдарын өндірушілер, ғылыми ұйымдар және халықаралық сарапшылар бас қосады.
Жаңа технологиялар мен инновациялық шешімдер таныстырылады
Көрме аясында заманауи жол-құрылыс техникасы, жаңа жол жабындары, инновациялық материалдар және автомобиль жолдарының жағдайына диагностика жасайтын цифрлық жүйелер ұсынылады. Сонымен қатар интеллектуалды көлік жүйелері мен салмақ пен габаритті автоматты бақылау технологиялары көрмеге қойылады.
Іс-шарада Қытаймен ынтымақтастық мәселесіне ерекше назар аударылады. Бейжің интеллектуалды көлік қауымдастығы және қытайлық технологиялық компаниялар жол инфрақұрылымын цифрландыру, көлік ағындарын бақылау және ақылы автомобиль жолдарын басқару бағытындағы шешімдерін ұсынады.
Халықаралық конференция және отандық әзірлемелер
Көрменің іскерлік бағдарламасы аясында «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ ұйымдастыратын «Жолдар және инновациялар» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтеді. Оған 20-дан астам елдің өкілдері мен 40-тан астам сарапшы қатысады деп жоспарланған.
Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты өздерінің цифрлық әзірлемелерін, оның ішінде жол-құрылыс материалдары мен жаңа технологиялардың RCMBase бірыңғай базасын, көпір құрылыстарын пайдалану жүйесін, елді мекендердің көше-жол желісін басқару жүйесін және Jolshy жол мамандарының біліктілік базасын жариялайды.
Сала көшбасшылары мен ынтымақтастық мүмкіндіктері
Көрмеде «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ қатысады. Қатысушылар компания жұмысы туралы ақпарат алып, жаңа технологиялар мен материалдарды енгізу жөнінде ұсыныстарын білдіре алады, әрі ынтымақтастықтың болашағын талқылайды.
«Kaztraffic-2026» көрмесі жол саласындағы тәжірибе алмасуға, іскерлік байланыс орнатуға және жаңа технологияларды енгізу мәселелерін талқылауға мүмкіндік береді. Бұл шара автомобиль жолдарының сапасын арттыруға, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және инфрақұрылымның тиімділігін жоғарылатуға ықпал етеді.
Көрмеге қатысу үшін тіркелу көрменің ресми сайтында жүргізіледі.
Дереккөз: gov.kz



