Қоғам

Цифрлық жұмыспен қамту қызметі: жұмысқа орналастырудың жаңа тәсілі енгізілуде

Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Цифрлық жұмыспен қамту қызметі» жобасы аясында жұмысқа орналастырудың жаңа әдісін енгізуде. Енді мансап орталықтары азаматтарға тек өтініш бойынша емес, алдын ала қолдау ұсынып, жұмысқа орналасқанға дейін жүйелі түрде көмектеседі.

Жұмыс іздеушілерге алдын ала қолдау көрсетіледі

Жаңа тәсіл бойынша, мансап орталықтары азаматтардың өздері жүгінуін күтпей-ақ, оларды мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтер арқылы анықтайды. Жұмыс іздеуі мүмкін тұрғындарға тиісті көмек ұсынылады. Мұндай көмекке азаматтар Enbek.kz электрондық еңбек биржасы арқылы қол жеткізе алады.

Азаматтың келісімімен оның білімі, еңбек тәжірибесі мен дағдылары туралы мәліметтер негізінде цифрлық түйіндеме автоматты түрде жасалады. Жасанды интеллект технологиялары жұмыс іздеушінің біліктілігіне сай бос жұмыс орындарын іріктеп, жеке ұсынымдар береді. Сондай-ақ, ұялы телефон арқылы диалог түрінде кеңес алу мүмкіндігі қарастырылған.

Мансап орталықтары мен цифрлық құралдардың рөлі

Жаңа тәсіл тек цифрлық іріктеумен шектелмейді. Мансап орталықтарының мамандары жұмыс іздеушілерге түйіндеме әзірлеу, бос жұмыс орындарына өтінім беру және жұмыс берушілермен байланыс орнатуға көмектеседі. Егер азамат бірден жұмысқа орналаса алмаса, мамандар себептерін анықтап, әрі қарайғы әрекеттерді бірге жоспарлайды. Бұл бағытта түйіндемені жетілдіру, сұхбатқа дайындалу, бос орындарды іздеуді жалғастыру бойынша қолдау көрсетіледі.

Министрлік азаматтарды мамандарға бекітуге, консультациялар тарихын жүргізуге және сүйемелдеу нәтижелерін бақылауға мүмкіндік беретін цифрлық құралдар енгізуде.

Жоба іске асырылу аймақтары мен нәтижелері

«Цифрлық жұмыспен қамту қызметі» жобасы 2026 жылғы шілдеден бастап Павлодар және Маңғыстау облыстарында жүзеге асырылуда. Осы уақытқа дейін 59,2 мың азаматқа жұмысқа орналасуға жәрдем берілді, оның ішінде 7,5 мың адам жұмыс тапты.

2026 жылдың соңына дейін министрлік бұл қызметті еліміздің барлық өңіріне кезең-кезеңімен енгізуді жоспарлап отыр. Жаңа тәсіл кешенді сүйемелдеуді қамтамасыз етіп, азаматтар үшін жұмысқа орналасу процесін айтарлықтай жеңілдетеді.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button