Stadler зауытында жолаушылар вагондарының өндірісімен Арман Шаққалиев танысты
Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Астанадағы Stadler Kazakhstan зауытына барып, жолаушылар вагондарының өндірісімен және кәсіпорынның дамуымен танысты. Министрге зауыттың өндірістік мүмкіндіктері мен технологиялық процестері көрсетілді.
Жаңа вагондардың ерекшеліктері
CHARME жолаушылар вагондары экструдталған алюминий профильдерінен құрастырылады. Өндірісті одан әрі жергіліктендіру мақсатында Қазақстанда өндірілген алюминийді пайдалану жоспарланған. Бұл шешім дайын өнімдегі қазақстандық материалдардың үлесін арттырады және жергілікті шикізатты өңдеу көлемін көбейтеді.
Stadler зауыты жолаушылар вагондарының арбашаларын шығаратын әлемдегі екінші өндіріс орны болып отыр. Бірінші алаң Швейцариядағы Винтертур қаласында орналасқан. Өндірісті жергіліктендіру швейцариялық компанияның тәжірибесі мен технологияларын Қазақстанға енгізуге мүмкіндік береді.
Вагондардың техникалық сипаттамалары
CHARME вагондары Қазақстанның климаттық жағдайына арнайы бейімделген. Олар -40-тан +45 °C-қа дейінгі температурада жұмыс істеуге жарамды. Вагон шанағының ені 3 метрден, биіктігі 4,7 метрден, ұзындығы 26 метрден асады. Ең жоғары жылдамдығы — 160 км/сағ, қызмет ету мерзімі 40 жыл.
Халықаралық стандарттарға сәйкестік
Арман Шаққалиев вагон өндіруде халықаралық стандарттарды енгізудің маңызын атап өтті. Министрдің айтуынша, бұл стандарттар қазақстандық өнімнің сапасын және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, өндірістік процестерді жетілдіруге ықпал етеді. Сондай-ақ, бұл отандық өнімнің сыртқы нарыққа шығуына жол ашады.
Вагондарды жеткізу және сервистік қызмет
Stadler компаниясының алғашқы жолаушылар вагондары кеше Астана — Алматы бағытына шықты. Қазіргі таңда «Жолаушылар тасымалы» АҚ 100-ден астам вагонды қабылдап алды. Келісімшартқа сәйкес, 2030 жылға дейін барлығы 557 жолаушылар вагоны кезең-кезеңімен жеткізіліп, оларға сервистік қызмет көрсетілмек.
Дереккөз: gov.kz



