Экономика

AGRO IQ байқауының үздіктері Германияда тәжірибеден өтеді

Астанада алғаш рет «AGRO IQ: Білім және болашақ» республикалық зияткерлік квизі өтті. Байқауға ауыл шаруашылығы мамандықтарында оқитын 70-тен астам студент қатысты. Іс-шара Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылды, жарысқа барлығы 12 команда қатысты.

Байқау финалына үш университеттің студенттері өтті

Ақтық кезеңде елдің үш жетекші аграрлық жоғары оқу орны – С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті және Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің студенттері сынға түсті. Зияткерлік сайысты «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы», ФАО және С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті бірлесіп өткізді.

Қазіргі кезде осы үш оқу орнында аграрлық мамандықтар бойынша 10 172 студент білім алуда. Бұдан бөлек, еліміздегі өзге 20 жоғары оқу орнында 8 894 студент ауыл шаруашылығы саласына қатысты бағыттарда оқып жатыр.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды

Квиз барысында қатысушылар агрономия, ветеринария, мал шаруашылығы, агроинженерия, цифрлық ауыл шаруашылығы және басқа да салалар бойынша сұрақтарға жауап берді. Студенттерден кәсіби біліммен қатар, логикалық ойлау және командалық жұмыс дағдылары талап етілді.

Байқау нәтижесінде бірінші орынды Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Ой ордасы» командасы иеленді. Екінші орын С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің «Ақыл және достары» командасына, үшінші орын Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Агро Қыран» командасына бұйырды. Жеңімпаздарға марапаттар мен естелік сыйлықтар тапсырылды, ал бірінші орын алған командаға AGRO IQ ауыспалы кубогы табысталды.

Үздік қатысушылар Германияда өндірістік тәжірибеден өтеді

Байқау аясында студенттерге кәсіби құзыреттерін жетілдіруге арналған тренингтер мен ауыл шаруашылығы саласының жаңа даму үрдістері туралы дәрістер өткізілді. DEULA-Nienburg оқу орталығы байқаудың үздік қатысушыларына Германиядағы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында өндірістік тәжірибеден өтуге мүмкіндік берді.

AGRO IQ жобасы жастардың кәсіби және зияткерлік әлеуетін арттыруға, аграрлық білім беруді кеңінен насихаттауға және ауыл шаруашылығындағы ғылым мен жаңа технологияларға студенттерді тартуға бағытталған. Ұйымдастырушылар бұл байқауды алдағы жылдары да тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button