Денсаулық

2027 жылдан бастап медициналық колледждерде көшпелі мониторинг мен мемлекеттік аттестаттау енгізіледі

Қазақстанда орта буын медицина қызметкерлерін даярлауға қойылатын талаптар күшейтіліп жатыр. 2026 жылы Денсаулық сақтау министрлігі алғаш рет денсаулық сақтау саласындағы техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттаудан өткізу қағидаларын бекітті. Жаңа ережелерге сәйкес, колледждерге міндетті түрде барып тексеру қарастырылған.

2026 жылы төрт медициналық колледж мемлекеттік аттестаттаудан өтсе, олардың екеуінде тексеру жұмыстары толық жүргізілді. 2027 жылы бұл үрдіс жалғасып, 50 медициналық колледж аттестаттаудан өтеді. Арнайы комиссиялар оқу орындарына барып, білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкестігін 10 бағыт бойынша бағалайды.

Көшпелі мониторинг қалай жүзеге асады

Көшпелі аттестаттау барысында колледждердің материалдық-техникалық базасы, оқу процесін ұйымдастыру деңгейі, симуляциялық орталықтардың жабдықталуы және кадрларды даярлау сапасы қаралады. Бұл талаптар оқу сапасын жүйелі бақылауға мүмкіндік береді.

Медициналық колледждер мен жаңа талаптар

Қазіргі уақытта республикада 100 медициналық колледж бар. Оның 22-сі мемлекеттік. Мемлекеттік колледждер медицина кадрларын даярлауда негізгі рөл атқарады және жекеменшік оқу орындары үшін де сапа стандарттарын қалыптастыруы қажет.

Жаңа бағытта мамандарды даярлау бағдарламалары қайта қаралады, техникалық база жаңартылады, дуальдық білім беру элементтері енгізіледі, өндірістік тәжірибе өткізу және мемлекеттік гранттар бойынша міндеттемелерді орындау тәсілдері өзгереді.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button