Экономика

Қазақстан мал шаруашылығында америкалық технологиялар енгізіледі

Қазақстан мен АҚШ мал шаруашылығын дамыту бағытында ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығармақ. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің АҚШ-тың Айдахо және Монтана штаттарына жасаған жұмыс сапарында белгілі болды. Кездесулер барысында асыл тұқымды мал жеткізу, америкалық генетика технологияларын енгізу және заманауи өндіріс тәжірибесін меңгеру мәселелері талқыланды.

Жаңа зертхана мен мамандар даярлау жоспары

Сапар қорытындысы бойынша ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Trans Ova Genetics, LC америкалық компаниясы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжатқа сәйкес, Қазақстанда ірі қара мал эмбриондарын алу, бағалау, криоконсервациялау және трансплантациялау жұмыстарын атқаратын арнайы эмбриологиялық зертхана ашу көзделіп отыр. Сонымен қатар, шетелдік сарапшылардың қатысуымен қазақстандық мамандардың біліктілігін арттыруға ерекше назар аударылады.

Мал шаруашылығын дамытуға арналған кешенді жоспар

Биыл мал шаруашылығын 2026–2030 жылдарға дамытуға арналған кешенді жоспар бекітіліп, іске аса бастады. Бұл жоспар аясында малдың генетикалық сапасын жақсарту, жемшөппен қамтамасыз ету жүйесін нығайту, саланы қаржыландыруды кеңейту және заманауи технологияларды енгізу шаралары қолға алынады.

Салалық жобалар және америкалық тәжірибе

Қазақстанда қазір қызыл ет өндірудің толық циклін қамтитын алты жоба жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ, елдің оңтүстігінде алғашқы мамандандырылған мал биржасының құрылысы басталды. Осыған байланысты тараптар америкалық үлгідегі ашық баға белгілеу стандарттарына сәйкес мал аукциондарын өткізуді үйрену үшін қазақстандық мамандарды оқытуға келісті.

Сүтті мал шаруашылығын қолдау

Сүтті мал шаруашылығы екі ел ынтымақтастығының маңызды бағыты болып отыр. Соңғы жылдары Қазақстанда 100-ден астам заманауи тауарлы-сүт фермасы іске қосылды. Әр ферманың орташа құны 9 млн АҚШ долларын құрайды. Бұған қоса, жоғары өнімді және цифрлық технологиялармен жабдықталған тағы 50 сүт фермасының құрылысын жеңілдетілген несие арқылы қолдау жоспарда бар. Америкалық компанияларға өндірістік кешендерді жабдықтау және Орталық Азия нарығына шығу мүмкіндігі ұсынылды.

Инвестициялық жобалар мен тұрақты жұмыс алаңы

Келіссөздер нәтижесінде тараптар қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты инвестициялық және сауда жобаларына айналдыруға келісті. Айдахо штатының сүт өндірісі мен өнімдерді өңдеудегі тәжірибесі, ал Монтана штатының етті бағыттағы ірі қара шаруашылығындағы тәжірибесі пайдаланылатын болады. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мемлекеттік органдар, бизнес және ғылым өкілдерінің қатысуымен бірлескен жобаларды іске асыруға арналған тұрақты жұмыс алаңы құруды жоспарлап отыр.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button