Экономика

Ерсайын Нағаспаев Бішкекте өткен «Орталық Азия – Қытай» құрылыс министрлерінің кездесуіне қатысты

Қазақстанның Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Қырғызстан астанасы Бішкекте өткен «Орталық Азия – Қытай» форматына қатысушы елдердің құрылыс министрлерінің екінші кездесуіне қатысты.

Кездесуге Қытай, Қырғызстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Тәжікстанның құрылыс саласына жауапты министрлері қатысты. Басқосуда тараптар аймақтағы құрылыс саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, тиімді жобаларды іске асыру, өзара іс-қимылды нығайту мәселелерін талқылады. Қатысушылар саладағы цифрландыру, технологиялық жаңарту, қала құрылысының тұрақтылығы, құрылыс стандарттарын жетілдіру, кадр даярлау және ғылыми-техникалық тәжірибе алмасу бағыттарына назар аударды.

Қазақстанда құрылыс саласы 2026 жылдың 10 айында 13,1%-ға өсті, отандық құрылыс материалдарының нарықтағы үлесі 73%-ға жеткені атап өтілді. 2025 жылы құрылыс жұмыстарының көлемі 16%-ға артып, 22 млрд долларды құраған, ал инвестиция көлемі 8 млрд долларға жуықтады. Елде ғимараттарды ақпараттық модельдеу (BIM), құрылыс жобаларын басқарудың цифрлық платформалары және зияткерлік мониторинг жүйелері енгізіліп жатыр.

Кездесу қорытындысында Бірлескен мәлімдеме және 2027-2028 жылдарға арналған құрылыс саласындағы ынтымақтастықты дамыту іс-шаралар жоспары қабылданды.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button