Оралда той кортежіндегі қауіпті видеоға түскен жастар жауапқа тартылды
Оралда Депо көпірінде бейнебақылау камералары арқылы жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу дерегі анықталды. Полиция мәліметінше, той кортежіндегі екі Toyota Alphard автокөлігінің жолаушылары көлік люктерінен шығып, жүріп келе жатқан сәтін фото және видеоға түсірген.
Оқиға кешкі уақытта, көлік ағыны көп кезде болған. Жастар тек бастарын ғана емес, денелерін де сыртқа шығарып, қолдарын созған. Бұл әрекет олардың өз өміріне ғана емес, басқа жүргізушілерге де қауіп төндірді.
Көліктер тіркеусіз болғаны анықталды
Полиция қызметкерлері екі автокөлікті тоқтатып, тексеру жүргізді. Нәтижесінде, екі көлік те тиісті тәртіппен тіркелмегені белгілі болды. Жүргізушілердің бірінің осындай құқық бұзушылықты бұрын да қайталағаны анықталды.
Заңбұзушыларға қатысты тіркелмеген көлікті басқару және жолаушылардың люктен шығуына жол бергені үшін әкімшілік шаралар қабылданды. Екі көлік те мамандандырылған айып тұрағына қойылды.
Мобилографтар да жазаланды
Қауіпті кадрларды түсірген мобилограф жастар да жауапқа тартылды. Олардың жасы 24 пен 25 арасында. Барлығымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Полиция тұрғындарға әлеуметтік желі үшін әсерлі кадрлар түсіру өмір мен денсаулыққа, сондай-ақ айналадағы адамдардың қауіпсіздігіне қатер төндіретінін ескертті.
Дереккөз: gov.kz



