Отын-энергетика саласын цифрландыруға атсалысқан мамандар марапатталды
10 қарашада елімізде Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлері күні аталып өтеді. Мемлекет басшысының Жарлығымен 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Осы кәсіби мереке қарсаңында отын-энергетика кешенінің цифрлық дамуына үлес қосқан мамандар арнайы ведомстволық марапаттарға ие болды.
Сала үздіктеріне құрмет көрсетілді
«KEGOC» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ және «QazaqGaz Aimaq» АҚ өкілдеріне Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Құрмет грамоталары мен алғыс хаттары табысталды. Сонымен қатар, бірнеше қызметкер «Цифрландыру саласының үздігі» төсбелгісіне ұсынылды.
Цифрлық жобалар мен негізгі бастамалар
Отын-энергетика кешенінде цифрлық технологияларды өндіріске енгізу жалғасуда. Энергетика министрлігі Digital Qazaqstan стратегиясы аясында цифрлық егіздер, жасанды интеллект және киберфизикалық қауіпсіздік бағытында 20 іс-шараны жүзеге асырып жатыр. Салада жасанды интеллектке негізделген 45 жоба әзірленген.
- «ҚазМұнайГаз» мұнай кен орындарының цифрлық егіздерін енгізуде.
- KEGOC электр энергиясын өндіру мен тұтынуды болжау үшін CORE GRID AI платформасын дамытып отыр.
- QazaqGaz Aimaq газды интеллектуалды есепке алуға арналған Aqyl Energy жобасын іске асыруда.
- «Самұрық-Энерго» өндірістік қауіпсіздік үшін бейнеаналитика технологияларын енгізуде.
Киберфизикалық қауіпсіздік және оқыту шаралары
Киберфизикалық қауіпсіздік аясында отын-энергетика кешені нысандарын кибершабуылдардан қорғау және ұшқышсыз ұшу аппараттарына қарсы шаралар қолға алынған. 2026 жылы алғаш рет ENERFORT кибероқулары өткізілді, алдағы уақытта бұл шара жыл сайын ұйымдастырылмақ.
Экономикалық тиімділік және болашақ жоспарлар
Цифрлық трансформация нәтижесінде саладағы апаттылық деңгейін 25%-ға төмендету, энергия шығындарын 90%-ға дейін азайту күтіледі. Жасанды интеллектке негізделген шешімдерден жылына шамамен 23 млрд теңге экономикалық тиімділік алынады. 2029 жылға дейін барлық бастамаларды аяқтап, саланы толық цифрлық деректерге негізделген басқару жүйесіне көшіру жоспарланған.
Энергетика министрлігі цифрландыру және ақпараттық технологиялар мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, отын-энергетика кешенін дамытуға қосқан үлестері үшін алғыс білдірді.
Дереккөз: gov.kz



