Ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингпен алуға өтінім қабылдау қайта басталды
«ҚазАгроҚаржы» АҚ ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингпен алуға арналған «Өз жемі-шөбіміз», «6% жеңілдетілген лизинг» және «Қазақстанда жасалған» бағдарламалары бойынша өтінім қабылдауды қайта бастады.
«Өз жемі-шөбіміз» бағдарламасының шарттары
Бұл бағдарлама мал шаруашылығын жем-шөппен қамтамасыз етуге, өнімділікті арттыруға және өндіріс көлемін көбейтуге бағытталған. Бағдарлама шеңберінде отандық және шетелдік ауыл шаруашылығы техникасын, жем-шөп дайындау құралдарын және жылжымалы суару жүйелерін сатып алуға мүмкіндік бар. Лизингтің жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 6%, мерзімі – 10 жылға дейін, алғашқы жарна – кемінде 15%.
Өтінім беруші мал өсірумен, күтіп-бағумен не бордақылаумен айналысуы тиіс. Сондай-ақ, жерінде жайылымы немесе шабындығы болуы және жем өндіруді құжатпен растауы қажет. Лизинг алушыға қарсы міндеттеме қойылады: қаржы алған жылдан кейінгі екі жылда еңбекақы қорын және салық түсімін 10%-ға көбейту.
6% жеңілдетілген лизинг шарты
Бұл бағдарлама бойынша фермерлер өздігінен жүретін, отандық өндірістен шыққан ауыл шаруашылығы техникасын лизингке жеңілдікпен ала алады. Техниканы алғашқы жарнасыз, 10 жылға дейін, жылдық 6% мөлшерлемемен рәсімдеуге болады.
«Қазақстанда жасалған» техникаға арналған лизинг
Аталған бағдарлама бойынша ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері тіркемелі, ілмелі және өздігінен жүретін техниканы, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен балық өнімдерін, биологиялық активтерді тасымалдауға арналған көлік құралдарын ала алады. Негізгі шарт – техника Қазақстанда жасалған немесе құрастырылған болуы керек. Лизинг мерзімі 10 жылға дейін, мөлшерлеме 6%, алғашқы жарна – құнының кемінде 15%.
Дереккөз: gov.kz



