Қоғам

Кураш күресінен әлем чемпионатында әскери спортшылар екі күміс медаль иеленді

Астанада Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында кураш күресінен XV әлем чемпионаты өтті. Бұл халықаралық турнирге 67 елден 400-ге жуық спортшы жиналды.

Қазақстан Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының өкілдері жарыста ел намысын қорғап, екі күміс медальге қол жеткізді. 120 келіден жоғары салмақта кіші сержант Ғалымжан Қырықбай финалға дейін жетіп, жарысты екінші орынмен аяқтады. Ақтық сында ол Өзбекстан балуаны Бекмурод Олтибаевқа жол берді. Осы салмақта Оңтүстік Корея спортшысы Сангвун Бае мен Иран балуаны Мұхаммедреза Вахдени қола жүлде алды.

Қазақстан Қарулы күштерінің әскери қызметшісі Зарина Сәріпова 63 келіге дейінгі салмақта күміс жүлдеге ие болды. Ол финалда Тайбэй спортшысы Ли Ван Тиннен ұтылды. Бұған дейін Зарина Үндістан өкілі Гунджан Тахур мен Иран балуаны Пардиc Ейдивандимен белдесіп, жеңіске жеткен еді.

Кіші сержант Ғалымжан Қырықбай бұл жарысқа алғаш рет қатысып отырғанын айтып, кураш күресінің қазақ күресіне ұқсастығы мен өзіндік ерекшелігі бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, әлем чемпионаты халықаралық дәрежеде тәжірибе жинауға үлкен мүмкіндік берді.

Айта кетсек, биылғы әлем чемпионаты қатысушылар саны бойынша рекорд жаңартты. Бұған дейінгі жарыстарға қарағанда, бұл жолы 67 елден 400-ге жуық балуан бақ сынады.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button