Отбасының цифрлық картасы қалай жұмыс істейді: әл-ауқатты бағалау тәсілдері
2023 жылдан бері Қазақстанда Отбасының цифрлық картасы қолданылады. Бұл жүйе мемлекетке әр отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайын толықтай бағалауға, сондай-ақ олардың нақты қандай әлеуметтік көмекке мұқтаж екенін анықтауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда бұл карта шамамен 6,2 миллион отбасын немесе 20,4 миллион адамды қамтиды.
Әл-ауқатты бағалау қалай жүргізіледі
Отбасының цифрлық картасы отбасылардың жағдайын екі бағытта анықтайды: материалдық әл-ауқаты және өмірлік жағдайлары. Материалдық әл-ауқатты бағалағанда, отбасының иелігіндегі тұрғын үй, автокөлік, жер телімі, коммерциялық жылжымайтын мүлік, кәсіпкерлік қызметке қатысуы мен несиелік жүктемесі ескеріледі. Бұл жерде тек мүліктің бар-жоғы ғана емес, оның түрі мен сипаттамасы да есепке алынады. Мысалы, шағын пәтер немесе көліктің болуы отбасының толық ауқатты екенін білдірмейді.
Өмірлік мән-жайлар қалай ескеріледі
Жүйе отбасы мүшелерінің жас ерекшелігін, балаларының, мүгедектігі немесе созылмалы ауруы бар мүшелердің болуын, сондай-ақ басқа да әлеуметтік жағдайларды назарға алады. Мысалы, бірдей табысы бар екі отбасы тұрмыс деңгейі бойынша айырмашылықтарға ие болуы мүмкін: бірінде екі ата-ана да жұмыс істесе, екіншісінде барлық шығынды жалғыз адам көтереді. Сондай-ақ, отбасыда кішкентай балалар немесе ерекше күтімді қажет ететін адамдар болса, ол да есепке алынады.
Әл-ауқат деңгейін анықтау және деректерді жаңарту
Барлық жиналған ақпарат негізінде отбасының әл-ауқаты мына санаттардың біріне жатқызылады: жоғары, ауқатты, қанағаттанарлық, экономикалық осал немесе экономикалық және әлеуметтік осал. Бағалау үнемі жаңартылып отырады және 30-ға жуық цифрлық жүйеден алынған мәліметтерге сүйенеді.
Жүйенің басты мақсаты
Отбасының цифрлық картасының негізгі міндеті – әр отбасының шынайы жағдайын жан-жақты бағалау. Осы арқылы мемлекет нақты өмірлік мән-жайларды ескеріп, қажетті әлеуметтік көмекті дер кезінде ұсынуды көздейді.
Дереккөз: gov.kz



