Мәдениет

ТМД Жастар істері жөніндегі кеңесінің 40-отырысы Мәскеуде Қазақстан төрағалығымен өтті

Мәскеуде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдердің Жастар істері жөніндегі кеңесінің 40-отырысы Қазақстан Республикасының төрағалығымен өтті. Отырысқа жастар саясатына жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері мен Кеңес мүшелері қатысты.

Жиында делегациялар өз елдеріндегі жастар саясатының негізгі бағыттарын таныстырып, алдағы бірлескен жұмыстар туралы пікір алмасты. Қатысушылар 2025-2026 жылдарға арналған салалық бағдарламалардың қорытындысын қарады және 2027-2028 жылдарға ортақ жұмыс жоспарларын бекітті.

Жаңа стратегия мен волонтерлік бастамалар

Отырыста ТМД елдерінің 2031-2040 жылдарға арналған халықаралық жастар ынтымақтастығы стратегиясын әзірлеу мәселесі талқыланды. Бұл құжатта волонтерлікті дамытуға және жастармен жұмыста цифрлық технологияларды қолдануға ерекше көңіл бөлінетіні айтылды.

Қазақстанның үлесі мен форумдар

Кеңес барысында Қазақстанның Достастық елдері арасындағы гуманитарлық байланыстарды нығайтуға қосқан үлесі атап өтілді. Кеңес Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өткен ТМД волонтерлерінің І форумын жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Мәдениет және ақпарат министрлігіне алғыс білдірді. Сондай-ақ, ТМД волонтерлерінің ІІ форумын 2027 жылы Минскіде өткізу ұсынысы қолдау тапты.

Пікірталастар мен тәжірибе алмасу

Бағдарлама аясында «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына 35 жыл: жастардың орны» атты пленарлық пікірталас және «ТМД кеңістігіндегі жастар саясаты: сын-қатерлер, шешімдер және келешек» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

Кеңес жұмысының маңызы

Биыл ТМД Жастар істері жөніндегі кеңесінің құрылғанына 20 жыл толады. Қазақстанның кеңес жұмысына белсенді қатысуы мемлекеттер арасындағы әріптестікті арттыруға, тәжірибе алмасуға және жастар бастамаларын дамытуға ықпал етеді.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button