Қоғам

Жұмыс беруші жұмысқа кешіккені не қателігі үшін айыппұл сала ала ма: заң талаптары

Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес, әрбір жұмыс беруші қызметкерлерден еңбек тәртібін және ішкі тәртіп қағидаларын сақтауды талап етуге құқылы. Алайда жұмысқа кешігу немесе жұмыста кеткен қателік үшін қызметкерге ақшалай айыппұл салу заңда көзделмеген.

Еңбек кодексінде белгіленген тәртіптік жазалар

ҚР Еңбек кодексінің 64-бабына сәйкес, жұмыс тәртібін бұзғаны үшін қызметкерге тек келесі тәртіптік жазалар қолданылуы мүмкін:

  • ескерту;
  • сөгіс;
  • қатаң сөгіс;
  • еңбек шартын бұзу (заңда белгіленген негіздер бойынша).

Заңнамада көрсетілмеген басқа тәртіптік жазаларды қолдануға тыйым салынады. Мәселен, қызметкер жұмысқа 20 минут кешіксе, жұмыс берушінің оған өз бетінше 10 мың теңге айыппұл салып, бұл қаражатты жалақыдан ұстап қалуына құқығы жоқ.

Тәртіптік жазаны қолдану тәртібі

Жұмыс беруші тәртіптік жаза қолданбас бұрын қызметкерден жазбаша түсініктеме алуға міндетті. Жаза түрін таңдағанда тәртіп бұзушылықтың сипаты, ауырлығы және мән-жайлары ескеріледі.

Сонымен қатар, заңсыз айыппұл мен заңды жалақыдан ұстап қалу – екі бөлек ұғым. ҚР Еңбек кодексінің 115-бабында қызметкердің жалақысынан қандай жағдайда ұсталым жасауға болатыны нақты көрсетілген. Ал басқа жағдайларда ұсталым тек қызметкердің жазбаша келісімімен ғана жүргізіледі.

Еңбек заңын сақтау – баршаға міндет

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс берушілер мен қызметкерлерге еңбек заңнамасын сақтау міндетті екенін ескертеді. Еңбек тәртібін бұзған жағдайда жұмыс беруші тек заңда белгіленген шараларды және тәртіпті ұстануы тиіс.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button