Экономика

Қазақстанда австралиялық генетика негізінде етті қой шаруашылығы дамып жатыр

Қазақстанда етті бағыттағы қой шаруашылығының өнімділігін арттыру мақсатында әлемдік үздік генетика енгізілуде. 30 қазанда Австралиядан әуе арқылы дорпер және «Австралиялық ақ» қой тұқымдарының үлкен партиясы жеткізілді. Бұл малдар еліміздегі екі ірі шаруашылыққа, атап айтқанда, Ақмола облысындағы «Ерейментау-Астық-2014» ЖШС мен Солтүстік Қазақстан облысындағы «Eco Lamb» ЖШС-ға арналған.

Ақмола мен Солтүстік Қазақстанға асыл тұқымды мал жеткізілді

«Ерейментау-Астық-2014» ЖШС үшін Астана халықаралық әуежайына 1 100 бас дорпер қойы әкелінді. Бұл – шаруашылықтың 4 мың бас ұсақ мал алу жөніндегі жобасының алғашқы кезеңі әрі «Береке» бағдарламасы арқылы іске асырылып отыр.

Солтүстік Қазақстан облысы, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандағы «Eco Lamb» ЖШС үшін 665 бас асыл тұқымды мал жеткізілді. Оның ішінде 497 басы – «Австралиялық ақ» тұқымы, 168 басы – дорпер саулықтары. «Eco Lamb» шаруашылығы алдағы уақытта австралиялық ақ тұқымды қой өсіретін асыл тұқымды репродуктор құруды жоспарлап отыр.

Австралиялық тұқымдардың артықшылығы

Австралиялық қой тұқымдары жоғары генетикалық әлеуетімен, ет өнімділігінің ерекшелігімен және тез жетілуімен ерекшеленеді. Оларды пайдалану отардың өнімділігін арттыруға, өндірілетін қой етінің сапасын жақсартуға және мал шаруашылығының тиімділігін көтеруге мүмкіндік береді.

Асыл тұқымды репродуктордың іске қосылуы елімізде жоғары өнімді мал басын өздігінен көбейтуге, сапалы асыл тұқымды қор қалыптастыруға және оны басқа шаруашылықтарға таратуға жол ашады.

Сала дамуының жаңа кезеңі

Австралиядан мал жеткізу тек асыл тұқымды мал санын арттыру емес, сонымен қатар саланың ұзақ мерзімді генетикалық базасын нығайтуға бағытталған. Бұл жұмыстар 2026–2030 жылдарға арналған Мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар аясында жүргізілуде. Құжатта мал өнімділігін арттыру, асыл тұқымды базаны күшейту және отандық селекцияны дамыту көзделген.

Алдағы жылдары осындай бастамалар арқылы Қазақстан етті қой шаруашылығын дамытудың жаңа моделіне көшеді. Бағалы тұқымдарды ел ішінде көбейту жүйесі қалыптасып, сапалы қой етінің тұрақты ұсынысы қамтамасыз етіледі әрі экспорттық мүмкіндіктер артады. Сонымен қатар, бұл жобалар өнімді терең өңдеуді және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін дамытуға қосымша серпін береді.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button