Қоғам

Павлодарда «Қауіпсіз үй» шарасы аясында 31 мыңнан астам адам тексерілді

Павлодар облысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және қиын жағдайдағы отбасыларды анықтау мақсатында «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда. Іс-шара барысында полиция қызметкерлері тұрғын үйлерді, аулалар мен саяжайларды аралап, халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Профилактикалық есептегі азаматтарға бақылау күшейтілді

Шара басталғалы полиция профилактикалық есепте тұрған 31 608 адамды тұрғылықты жерінде тексерді. 4 777 адамға мінез-құлқына ерекше талаптар қойылып, 4 578 азаматқа қорғау нұсқамасы шығарылды. Сонымен қатар, 1 689 адам жаңадан профилактикалық есепке алынды.

129 адам қабылдау-тарату орнына орналастырылды. Түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз жүрген 46 кәмелетке толмаған анықталды.

Кәмелетке толмағандар мен алкогольдік ішімдікке тыйым салу

Екібастұзда сағат 23:45-те полиция қызметкерлері заңды өкілінсіз тұрғынжайдан тыс жүрген 2010 жылы туған қызды анықтады. Жасөспірімнің ата-анасына әкімшілік хаттама толтырылып, оларға ата-аналық міндеттерді орындау және баланың мінез-құлқын бақылау жөнінде түсіндірме берілді.

Ақсу қаласында М. Мәметова көшесінде полиция алкогольдік масаң күйдегі ер адамды тоқтатты. Ол адам әкімшілік қадағалауда тұрған және сот шешімімен алкогольдік ішімдік ішуге тыйым салынғаны белгілі болды. Қадағалау талабын бұзғаны үшін сот шешімімен үш тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы қолданылды.

Қоғамдық қауіпсіздік пен алдын алу шаралары

Ведомство өкілдерінің айтуынша, профилактика – құқық бұзушылықтың алдын алу және қажет болғанда көмек көрсету. Іс-шара қоғамдық қауіпсіздік пен азаматтардың әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін кешенді жұмыс жүргізудің маңызын көрсетеді.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button