Экономика

Айгерім Нұрахмет: кәсібилік пен жанашырлықтың үлгісі

Айгерім Нұрахмет — Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Ішкі сауданы дамыту департаментінің сарапшысы. Ол – білімін тәжірибеде қолдана отырып, қоғамға нақты үлес қосуға ұмтылатын жаңа буын мамандарының бірі.

Кәсіби жауапкершілік пен дәлдік

Айгерім өз жұмысында жүйелілік пен нақтылыққа ерекше мән береді. Ол сауда саласына инвестициялар тарту көрсеткіштеріне қол жеткізуге атсалысып, инвестициялық жобалардың орындалуын қадағалайды. Әрбір құжат пен мәліметтің артында нақты міндеттер тұрғанын жақсы түсінеді және олардың сапалы орындалуына жауапкершілікпен қарайды.

Кәсіби жолын 2025 жылдың күзінде аталмыш министрлікте бастаған Айгерім қысқа уақыт ішінде өзін белсенді әрі сенімді маман ретінде танытты. Оның еңбегі Министрдің алғыс хатымен бағаланды. Бұл марапат жас маман үшін кәсіби дамуға ынталандыру әрі жаңа міндеттерге жігер береді.

Адамгершілік пен жанашырлық

Айгерімнің ерекшелігі – адамдарға қамқорлық танытып, олардың қиындықтарына бейжай қарамауы. Студент кезінде ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған орталықта волонтерлік қызмет атқарған. Бұл тәжірибе оған мейірімділік пен төзімділіктің маңызын түсінуге мүмкіндік берді.

Отбасы Айгерім үшін ерекше орын алады. Ол жақындарын қатты құрметтеп, күнделікті қамқорлығын ісімен білдіреді. Сонымен қатар, Айгерім он екі жасынан бері сурет салып, көркемсурет мектебін аяқтаған. Бос уақытында табиғат көріністерін бейнелейді, өз жұмыстарын жақындарына сыйға тарту арқылы жылулықпен бөліседі.

Жеке қызығушылықтары мен көзқарасы

Айгерім классикалық әдебиет, кино, музыкаға қызығады және саяхаттағанды ұнатады. Магистратурада білім ала жүріп, Еуропаның тоғыз елінде болған. Бұл сапарлар оның дүниетанымын кеңейтіп, әртүрлі мәдениетті жақыннан тануға көмектесті.

Айгерім Нұрахмет кәсіби жинақылық пен адамгершілікті, дамуға ұмтылыс пен жанашырлықты ұштастыра білетін маман. Оның өмір жолы – кәсіби білім мен тәжірибеден бөлек, айналаға жанашырлық пен қолдау көрсету де маңызды екенін көрсетеді.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button