Астанада газ және мұнай-газ химиясы саласындағы жаңа жобалар мен реформалар талқыланды
Астанада «Energy Monitor» қоғамдық қоры ұйымдастырған сараптамалық алаңда Қазақстанның газ және мұнай-газ химиясы саласын дамыту мәселелері қаралды. Жиынға Энергетика министрлігі, «QazaqGaz», «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниялары, жеке жер қойнауын пайдаланушылар мен сарапшылар қатысты. Қатысушылар жаңа кен орындарын барлаудан бастап, газ тасымалдау мен жоғары технологиялы өнім өндіруге дейінгі барлық кезеңді талқылады.
Газ саласын дамытудағы басымдықтар
Кездесудің басты мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында жүктеген міндеттерді жүзеге асыру. Әсіресе, геологиялық барлау әдістерін жаңарту, саланы заманауи технологияларға көшіру, жеке капитал тарту, газ инфрақұрылымын дамыту және шикізатты терең өңдеуге назар аударылды. Энергетика вице-министрі Ерлан Акбаров газ саласының тұрақтылығы, өңірлерді газдандыру сапалы геологиялық зерттеу мен нақты мәліметтерге байланысты екенін айтты. Елдегі бекітілген газ қоры 4 трлн текше метрге жуық, оның жартысынан астамы – ілеспе мұнай газы. Жылдық тауарлық газ өндірісі 27 млрд текше метрден асады, ал ішкі тұтыну көрсеткіші 2024 жылы 22,5 млрд текше метрден жоғары болады деп болжанып отыр.
Жаңа зауыттар мен өңдеу қуаттарын ұлғайту
Газ қоры мен өңдеу қуатын бірге дамыту үшін жылына 9,4 млрд текше метр шикі газ өңдейтін төрт жаңа зауыт салу көзделген. Инвестиция, технология және инфрақұрылым қатар дамығанда ғана дайын газ өндірісі тұрақты болады. Энергетика министрлігі газ саласын 2030, 2035 және 2040 жылдарға дейін кешенді дамыту бағдарламасын әзірлеп жатыр. Бұл бағдарламада зерттеу, өндіру және өңдеу жұмыстары халық пен өндірістің болашақ сұранысына сай жүргізіледі.
Геологиялық зерттеу мен заңнамалық өзгерістер
Министрлік 15 шөгінді бассейннің ішінде аз зерттелген 11 бассейнді игеруге ерекше мән беріп отыр. «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексте тереңде жатқан кендерді игеруге арналған жеңілдіктер қарастырылған. Жер қойнауын пайдаланушылар учаскелерін бес шақырымға дейін кеңейте алады. Дәстүрлі емес ресурстарды игеруге, соның ішінде көмір қабатындағы метанға ынталандыру шаралары енгізілуде. Аукцион өткізу тәсілдері де өзгеріп, төлем көлемімен қатар, геологиялық зерттеулердің нәтижесі, жаңа деректердің сапасы және қорларды игеруге дайындық деңгейі де негізгі көрсеткішке айналады.
Газ химиясын дамыту және шағын бизнес экожүйесі
Кездесуде мұнай-газ химиясын тереңдете дамытып, ірі зауыттардың айналасында шағын және орта бизнесті қалыптастыру мәселесі көтерілді. 2023–2025 жылдары мұнай-газ химиясы өнімдерінің өндірісі 73%-ға өсіп, 619,2 мың тоннаға жетті. Жаңа өндірістер іске қосылса, 2031 жылға қарай жыл сайын 2,9 млн тонна өнім өндіріледі деп күтіледі. Бұл құрылыс материалдары, құбырлар, қаптама және медициналық бұйымдар шығаратын кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Газ инфрақұрылымын жаңғырту және заң жобалары
Кездесуге қатысушылар заңнамалық базаны жетілдіру, соның ішінде жаңа «Мұнай-газ химиясы өнеркәсібі туралы» заң жобасын және сұйытылған табиғи газ, газ мотор отыны нарығын реттеуді талқылады. Сондай-ақ, 13 миллионнан астам қазақстандықты сенімді газбен қамту үшін газ тасымалдау желісі мен жерасты қоймаларын жаңғырту жолдары сөз болды.
Дереккөз: gov.kz



