Білім

QyzPU-де Қытай – Орталық Азия білім беруді зерттеу орталығы ашылды

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Қытай – Орталық Азия» II симпозиумы аясында жаңа зерттеу орталығы ашылды. Бұл орталық Қытай, Қазақстан және Орталық Азия елдері арасындағы ғылыми және білім беру байланыстарын күшейтуге, тәжірибе алмасуға және бірлескен зерттеулер жүргізуге бағытталған.

Жаңа орталықтың ашылуы мен мақсаты

Зерттеу орталығын құру туралы келісімге Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – ректор Бейбіткүл Кәрімова мен Ланьчжоу университетінің президенті Ян Юнпин қол қойды. Бейбіткүл Кәрімова орталықтың ашылуы халықаралық академиялық байланыстарды нығайтып, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға және білім беру саласындағы үздік тәжірибелерді таратуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Ланьчжоу университетінің президенті Ян Юнпин орталық қызметі аясында білім беру жүйелерін салыстырмалы зерттеу, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні оқу үдерісіне енгізу, жоғары білімді басқарудың тиімді үлгілерін зерттеу және педагогикалық инновацияларды дамыту бағыттарына басымдық берілетінін айтты.

Симпозиумға қатысушылар мен талқыланған мәселелер

Халықаралық симпозиумға Қазақстан мен шетелдің жоғары оқу орындары өкілдері, халықаралық ұйымдар, дипломатиялық корпус мүшелері, ғалымдар және жас зерттеушілер қатысты. Іс-шараға ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Білім беру ғылымдары және қоғамды дамыту орталығының басшысы Жеңісбек Төлен, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының Алматыдағы өкілдігінің басшысы Әсел Назарбетова, ҚР Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы өкілдігінің саяси тобының басшысы Алмаша Аренова, сондай-ақ Қытай мен Орталық Азияның жетекші жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.

Симпозиум барысында цифрлық және зияткерлік білім беру, университеттерді басқару, оқу бағдарламаларын әзірлеу, білім беру үдерісін цифрландыру, IT мамандарына қажетті дағдыларды қалыптастыру, инженерлік білім берудің даму үрдістері және жоғары білімді интернационалдандыру мәселелері қаралды.

Ынтымақтастық туралы келісімдер

Симпозиум аясында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті мен Цицикар инженерлік институты және Сиань Еуразия университеті арасында өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылды. Бұл құжаттар білім және ғылым салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге, академиялық байланыстарды күшейтуге және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға негіз болады.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button