Денсаулық

Астанада Республика күні қарсаңында үздік медицина қызметкерлері марапатталды

Астанада Республика күні мен Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Оған еліміздің барлық аймағынан келген медицина қызметкерлері, ғалымдар, сала ардагерлері, қоғам қайраткерлері және медициналық жоғары оқу орындары өкілдері қатысты. Іс-шара барысында денсаулық сақтау саласының үздік мамандары марапатталды.

Министр сала жетістіктерін атап өтті

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова құттықтау сөзінде саладағы өзгерістердің негізгі мақсаты — халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін айтты. Министр жаңа Конституция мен «Заң және тәртіп», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» мемлекеттік бағдарламалары сенімді негіз қалыптастырып отырғанын атап өтті. Ол заңның пациент пен дәрігерді бірдей қорғауы мен салауатты орта қалыптастыруды мемлекеттің басты міндеті деп көрсетті.

Министрдің айтуынша, 2025 жылы Қазақстанда күтілетін өмір сүру ұзақтығы 75,97 жасқа жетіп, бұл тарихи ең жоғары көрсеткіш болды. 1991 жылы бұл көрсеткіш 67,6 жас еді. Осылайша еліміз Орталық Азияда өмір сүру ұзақтығы бойынша жетекші орынға шықты. БҰҰ Даму бағдарламасының 2025 жылғы есебінде Қазақстан «адам дамуының өте жоғары деңгейі» санатына енді. Сонымен қатар, 2026 жылғы ақпанда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы еліміздің ұлттық реттеуші жүйесіне 3-деңгей берді. Бұл стандартқа ТМД елдері ішінде алғашқы болып Қазақстан қол жеткізді.

Медицина саласындағы жетістіктер мен жаңа жобалар

Тәуелсіздік жылдары нәресте өлімі 4,5 еседен, ана өлімі 6 есе, ал туберкулезден болатын өлім 10 есе азайды. Денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымы мен технологиялық жабдықталуы да айтарлықтай жақсарды. Соңғы жылдары елімізде 1 259 жаңа медициналық нысан ашылды, оның 800-ден астамы соңғы үш жылда іске қосылған. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 655 алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысаны салынды, соның арқасында 200-ден астам ауыл алғашқы рет өз медициналық мекемесіне қол жеткізді.

Астанада Ұлттық ғылыми онкология орталығы мен Орталық Азиядағы алғашқы Протондық терапия орталығы ашылды. Алматыда Ұлттық ғылыми инфекциялық аурулар орталығы іске қосылды. Заңнамалық тұрғыда да маңызды қадамдар жасалды: 2025–2026 жылдары пациенттер мен медицина қызметкерлерінің мүдделерін қорғайтын 9 негізгі заң қабылданып, медицина мамандарының құқықтары мен кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесі енгізілді.

Сала мамандарына қолдау мен марапаттар

Медицина мамандарына мемлекеттік қолдау көлемі шамамен 7 есе артты. 2025 жылы 1 760 дәрігер әртүрлі әлеуметтік қолдау шараларын алды. Астана медицина университетіне Ұлттық университет мәртебесі және Төрегелді Шармановтың есімі берілді. Қарағанды медицина университетіне оның негізін қалаушы Петр Поспеловтың есімі берілді.

Мерекелік шараның негізгі бөлігі — еліміздің үздік медицина қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар табыстау рәсімі болды. Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес денсаулық сақтау мен медицина ғылымын дамытуға елеулі үлес қосқан және ұзақ жылдар бойы еңбек еткен мамандар марапатталды.

Жаңа ведомстволық марапаттар мен құрметті атақтар

2026 жылдың шілдесінде Санжар Асфендияров атындағы жаңа ведомстволық медаль бекітілді. Бұл марапат 30 жыл және одан да көп еңбек өтілі бар, кәсіби қызметінде жоғары нәтижеге қол жеткізген қызметкерлерге берілді. 2024 жылдан бастап Мемлекет басшысының бастамасымен «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы тағайындалды. Бұл дәрігерлерге деген ерекше құрметтің символына айналды.

Қазіргі таңда елімізде 280 мыңнан астам медицина қызметкері жұмыс істейді, оның ішінде 80 мыңнан астамы — дәрігер, 190 мың — мейіргер.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button