Білім

Астанада Coventry University Kazakhstan жаңа кампус салуға келісті

Астанада Coventry University Kazakhstan университетінің жаңа кампусын салу туралы келісімге қол қойылды. Бұл шешім Шымкентте өткен IX Kazakhstan Global Investment Roundtable халықаралық инвестициялық форумы аясында қабылданды. Форумда ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Coventry University Kazakhstan арасында ынтымақтастық туралы меморандум бекітілді.

Жаңа кампус құрылысының жоспары

Университеттің жаңа кампусы кезең-кезеңімен салынады. Оқу кешенінің жалпы аумағы шамамен 30 мың шаршы метрді құрайды. Жоба аясында оқу ғимараттары, әкімшілік және қоғамдық кеңістіктер, кітапхана мен заманауи IT-инфрақұрылым қарастырылған. Сондай-ақ студенттерге арналған іс-шаралар мен бірлескен жобалар өткізуге арналған арнайы аймақтар жасақталмақ.

Студенттерге арналған жатақхана

Кампус аумағында 400 орындық жатақхана салынады. Онда тұрғын бөлмелер, ас үйлер, демалыс және өздігінен білім алуға арналған алаңдар болады.

Университет миссиясы мен жаңа мүмкіндіктер

Coventry University Kazakhstan – Ұлыбританиядағы Coventry University-дің ресми кампусы. Мұнда британдық білім беру бағдарламалары жүзеге асады, түлектерге халықаралық үлгідегі дипломдар беріледі. Университет басшысы Мирас Дәуленовтің айтуынша, жаңа кампус Қазақстанда білім, ғылым және инновацияның заманауи ортасын қалыптастыруға бағытталған.

Министрлік университеттің мемлекеттік органдармен байланысын жолға қоюға көмектеседі. Сонымен қатар, тараптар дарынды түлектер мен олимпиада жеңімпаздарына жоғары білім алуға қосымша мүмкіндіктер қарастыруды жоспарлап отыр. Жаңа кампус Қазақстанда білікті мамандар даярлау және халықаралық білім беру ынтымақтастығын дамытуға ықпал етеді.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button