Астана тұрғындары полицияға QR-код арқылы құқық бұзушылық туралы хабарлай алады
Астанада «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық шарасы өтіп жатыр. Бұл бастама қоғамдық қауіпсіздікті арттыру және полиция мен тұрғындар арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған. Жоба аясында арнайы QR-кодтар енгізілді, сол арқылы қала тұрғындары өз ауласындағы немесе тұрғын үй кешеніндегі қауіпсіздікке қатысты ұсыныстар мен өзекті мәселелерді полицияға тікелей жолдай алады.
QR-код арқылы түскен өтініштер бойынша тексерулер жүргізілді
Тұрғындардың QR-код арқылы жолдаған бірнеше өтініші негізінде полиция тексеру жүргізді. Соның нәтижесінде құқық бұзушылықтар анықталды. Мысалы, қоғамдық көлікте 52 жастағы ер адам насыбай қолданып, автобус салонын ластағаны үшін ұсталды. Ол ұсақ бұзақылық жасағаны үшін уақытша ұстау бөлмесіне қамалып, сот шешімімен 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Тағы бір оқиғада тұрғын үй кешендерінің бірінде сот белгілеген ерекше талаптарды бұзған 43 жастағы ер адам анықталды. Оған да сот шешімімен 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамау жазасы тағайындалды.
Тұрғындар белсенділігі құқық бұзушылықтарды анықтауға көмектесуде
Сондай-ақ, тұрғын үй кешенінің 8 және 9-қабаттары арасындағы ортақ балконда 44 жастағы азамат балық тазалап, ортақ аумақты ластағаны белгілі болды. Бұл дерек бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, материалдар сотқа жолданды.
Полиция қала тұрғындарын қоғамдық қауіпсіздікке бейжай қарамай, QR-код арқылы құқық бұзушылықтар туралы хабарлауға шақырады. Тұрғындардың белсенділігі мен полицияның бірлескен жұмысы арқасында елордада қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыру мүмкіндігі артады.
Дереккөз: gov.kz



