Денсаулық

Қазақстанда онкогематологиялық аурулары бар балалардың өмір сүру көрсеткіші 70%-дан асты

Қазақстанда онкогематологиялық аурулары бар балалардың бес жылдық өмір сүру деңгейі 70%-дан асты. Жедел лимфобластты лейкоз диагнозы қойылған балалар арасында бұл көрсеткіш 85%-ға дейін жетеді. Бұл деректерді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Самарқанд қаласында өткен Балалар обыры жөніндегі II халықаралық конгресте жариялады.

Жыл сайын анықталатын жаңа жағдайлар

Елімізде жыл сайын 600-ге жуық балаға онкологиялық ауру диагнозы қойылады. Қазақстанда заманауи диагностикалау әдістері мен жоғары технологиялық емдеу тәсілдері дамуда. 2013 жылдан бері гемопоэздік дің жасушаларын трансплантациялау бойынша 630-дан астам операция жасалған.

Балаларды шетелде емдеу қажеттілігі азайды

Медициналық орталықтардың дамуының арқасында балаларды шетелде емдеуге жіберу қажеттілігі біртіндеп төмендеп келеді. Ақмарал Әлназарова конгресс барысында Орталық Азия елдерін балалардың обырын емдеуде заманауи әдістерге қолжетімділікті арттыру үшін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

Басты бағыттар мен халықаралық ынтымақтастық

Министр диагностиканың дәлдігін арттыру, дәрігерлерді бірлесіп даярлау, CAR-T-терапиясын зерттеу, ғылыми бағыттарды дамыту және балаларды ісікке қарсы дәрілермен қамтамасыз ету саласында ынтымақтастық орнатудың маңызын атап өтті. Сонымен қатар, сүйек кемігі донорларының ұлттық тіркелімдері арасындағы өзара байланысқа ерекше назар аударылды. Бұл трансплантацияға мұқтаж балалар үшін үйлесімді донор табу мүмкіндігін кеңейтеді.

Әр балаға заманауи ем қолжетімді болуы тиіс

Ақмарал Әлназарова инвестиция тиімділігін бағалауда емдеу нәтижелері мен балалардың өмір сапасы басты мәнге ие екенін айтты. Оның сөзінше, халықаралық ынтымақтастықтың негізгі мақсаты – қай жерде тұрса да, әр балаға заманауи диагностика мен емдеу әдістерін қолжетімді ету.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button