Киберполиция атын жамылған алаяқтардан қалай сақтану қажет
Абай облысының полиция департаменті телефон арқылы жасалатын алаяқтықтың жаңа түрі туралы хабарлады. Қаскөйлер өзін байланыс операторының немесе түрлі ұйымдардың өкілі ретінде таныстырып, кейін киберполиция қызметкері ретінде қайта қоңырау шалады. Олар азаматтардың ақшасын заңсыз иемденуге тырысады.
Алаяқтық схемасының сипаты
Алдымен белгісіз адам байланыс компаниясы, аурухана, жылу немесе электр энергиясы мекемесінің қызметкері ретінде хабарласады. Ол интернет тарифін ұзарту немесе басқа да қызмет ұсынғандай болады. Кейін «киберполиция қызметкерімін» деп таныстырған басқа адам қоңырау шалып, алдыңғы қоңырау алаяқтардан болғанын, сіздің ақшаңызға қауіп төніп тұрғанын айтады.
Кейінгі адам банктегі ақшаны «сақтау» немесе шотты «қорғау» үшін SMS арқылы келген кодты, растау мәліметтерін немесе басқа құпия ақпаратты айтуды талап етеді.
Азаматтарға арналған ескерту
- SMS арқылы келген кодтарды, банк картасының деректерін және құпиясөздерді ешкімге бермеңіз.
- Белгісіз адамның айтқанымен ақша аудармаңыз.
- «Ақшаңызды сақтап қаламыз» немесе «қауіпсіз шотқа аударыңыз» дегенге сенбеңіз.
- Күмәнді қоңыраудан кейін ұйымның ресми байланыс нөмірі арқылы өзіңіз тексеріңіз.
- Егер банк деректерін айтып қойсаңыз, дереу банкке хабарласып, шоттарыңызды қорғау шараларына кірісіңіз.
- Алаяқтыққа тап болсаңыз, міндетті түрде полицияға хабарласыңыз.
Полицияның ресми түсіндірмесі
Тәртіп сақшылары телефон арқылы азаматтардан ешқашан SMS-код немесе банк құпиясөзін сұрамайтынын, ақшаңызды «қауіпсіз шотқа» аударуды талап етпейтінін ескертеді. Полиция азаматтарды сақ болуға, жеке деректерін қорғауға және алаяқтық туралы ескертуді жақындарына айтуға шақырады.
Есіңізде болсын: телефон арқылы хабарласқан адамның кім екенін анықтамай, оған ешқашан құпия ақпарат бермеңіз.
Дереккөз: gov.kz


