Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да интеллектуалды есептеулер зертханасы ашылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің (Қытай) филиалы жаңа оқу жылын бастады. Ашылу салтанатына екі жоғары оқу орнының басшылары, Қытайдың Алматыдағы Бас консулдығының өкілдері, ғылыми қауымдастық және Қазақстан мен Қытайдың жетекші кәсіпорындарының өкілдері қатысты.
Интеллектуалды есептеулер зертханасы іске қосылды
Салтанатты жиында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алина Галеева екі университет арасындағы серіктестіктің халықаралық білім және ғылымдағы орнына тоқталды. Ол СБПУ-мен ынтымақтастық білікті мамандар даярлау, тәжірибе алмасу және бірлескен ғылыми жобаларға жол ашатынын атап өтті.
Іс-шара аясында СБПУ мен Si-Tech компаниясының бірлескен интеллектуалды есептеулер зертханасы ашылды. Жаңа зертхана жасанды интеллект, үлкен деректерді өңдеу және жоғары өнімді есептеулер саласында зерттеулер жүргізуге арналған. Бұл бастама инженерлік және техникалық мамандарды даярлап, өңірдің цифрлық дамуына ғылыми-технологиялық шешімдер ұсынуға мүмкіндік береді.
Қазақстан мен Қытай серіктестігі нығая түсуде
Жиында Қазақстан мен Қытай арасындағы білім, ғылым және технология саласындағы байланыстардың маңызы атап өтілді. Қытай ғылым академиясының академигі Чжан Вэйхун мен СБПУ-дың Қазақстандағы филиалының директоры Ли Цзывэй бірлескен жобалардың заманауи талаптарға сай дамуы қажеттігін жеткізді.
Бакалавриат және магистратураның бірінші курс студенттері Елисей Гончаренко мен Дарья Сағындықова алған мүмкіндіктері үшін алғыс білдіріп, филиалдың ғылыми өміріне белсенді араласуға дайын екендерін айтты. Мерекелік рәсім барысында үздік студенттер мен оқытушыларға сертификаттар табысталды.
Дереккөз: gov.kz



