Маймыл шешегіне байланысты эпидемиологиялық жағдай Қазақстанда бақылауда
Денсаулық сақтау министрлігі әлемде тіркеліп жатқан маймыл шешегінің эпидемиологиялық жағдайына тұрақты түрде бақылау жүргізіп отыр. Халықаралық көлік қатынасының белсенділігіне байланысты, инфекцияның Қазақстанға әкелінуі мүмкін екені жоққа шығарылмайды. Дегенмен, аурудың таралу ерекшеліктерін ескере отырып, елімізде маймыл шешегінің халық арасында кеңінен таралу қаупі төмен деп бағалануда.
Алдын алу шаралары мен бақылау күшейтілді
Инфекцияның елімізге таралуын болдырмау үшін 2024 жылғы 26 тамызда шыққан Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің №8 қаулысына сәйкес, бірнеше кешенді шаралар қолға алынған. Атап айтқанда:
- Мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттерінде санитариялық-карантиндік бақылау күшейтілді;
- Ауру тіркелген елдердегі жағдай және сол мемлекеттерден келген азаматтарға мониторинг жүргізілуде;
- Барлық өткізу пункттері дене температурасын жанаспай өлшейтін құралдармен жабдықталды;
- Медициналық ұйымдар мен зертханалар инфекцияны уақытында анықтауға дайындалған;
- Аса қауіпті инфекцияға күдік туындаған жағдайда шұғыл хабарлау және өзара іс-қимыл жасау алгоритмдері бекітілді.
Эпидемиологиялық ахуалы ерекше назарды талап ететін елдердің тізімі әлемдегі жағдайға қарай үнемі жаңартылып отырады. Көлік түрлерінде жүргізілген санитариялық бақылау нәтижесінде аса қауіпті инфекция жұқтырған адамдар анықталған жоқ.
Маймыл шешегінің белгілері және жұғу жолдары
Маймыл шешегі — MPXV вирусынан пайда болатын жұқпалы ауру. Бұл инфекция көбіне науқас адаммен жақын байланыста, терідегі бөртпелермен және биологиялық сұйықтықтармен жанасу кезінде таралады. Сондай-ақ ластанған киім, төсек-орын жабдықтары және ауру жануарлар арқылы да жұғуы мүмкін. Аурудың негізгі белгілері — дене қызуы, бас пен бұлшықет ауыруы, лимфа түйіндерінің ұлғаюы және терідегі бөртпелер.
Министрліктің профилактикалық ұсыныстары
- Анықталмаған бөртпесі немесе инфекциялық ауру белгілері бар адамдармен жақын байланыстан аулақ болу;
- Жеке бас гигиенасын сақтау;
- Инфекцияға күдік тудыратын адамдардың жеке заттарын, киімдерін, төсек-орын жабдықтарын ортақ пайдаланбау;
- Ауру белгілері байқалса, әсіресе шетелден келгеннен кейін, уақытында медициналық көмекке жүгіну және сапарлар туралы дәрігерге хабарлау.
Денсаулық сақтау министрлігі эпидемиологиялық жағдайды бақылауды жалғастырып, халықтың денсаулығын қорғау үшін барлық қажетті шараларды қабылдап келеді.
Дереккөз: gov.kz



