«Кітап оқитын ұлт» марафонына Қазақстанда 1,4 млн адам қатысып жатыр
Астанада Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтың жетекшілігімен «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонының барысы талқыланған кеңес өтті. Жиында марафонның аралық қорытындылары мен алдағы іс-шаралар қаралды.
Марафонға қатысушылар саны 1,4 миллионнан асты
Бұл марафон Мемлекет басшысының «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығына сәйкес ұйымдастырылып отыр. Қазіргі таңда жобаға 1,4 миллионнан астам адам қатысып жатыр. Олардың қатарында мектеп оқушылары, студенттер, мұғалімдер, отбасылар, түрлі еңбек ұжымдары, мемлекеттік қызметшілер және шығармашылықтар бар.
Барлық өңірде жобалық кеңселер ашылып, қазақ және орыс тіліндегі 345 әдеби шығармадан тұратын ортақ тізім жасалған. Сонымен бірге, reading-nation.kz цифрлық платформасы іске қосылған. Қатысушылар осы платформада оқыған кітаптары туралы пікір қалдырады.
Өңірлердегі белсенділік және әлеуметтік желідегі пікірлер
Платформада жарияланған пікір саны бойынша Ақтөбе облысы (25 557 пікір), Солтүстік Қазақстан облысы (14 249) және Қызылорда облысы (14 037) алда келеді. Солтүстік Қазақстан облысында 20 мыңға жуық қатысушы тіркелген болса, олардың 14 мыңнан астамы пікір жазған. Бұл өңірлік қатысушылардың шамамен 75%-ын құрайды.
Әлеуметтік желілерде марафон аясында 20 мыңнан астам бейнепікір жарияланған. Бұл көрсеткіш бойынша Астана қаласы (3 мыңға жуық) және Жамбыл облысы (1 699) көш бастап тұр.
Кітап оқуды насихаттау шаралары мен ұсыныстар
Кеңесте өңір өкілдері оқырман белсенділігін арттыру тәжірибесімен бөлісті. Ауылдық жерлерде кітапқа қолжетімділікті күшейтуге, қоғам қайраткерлері мен бизнес өкілдерін марафонға тартуға ерекше назар аударылды.
Ұсыныстар арасында дүкендерде арнайы кітап сөрелерін орналастыру, жазушылармен кездесулер, әдеби шығармалар негізінде комикстер, трейлерлер мен қысқа бейнероликтер әзірлеу, сондай-ақ «Kitap Talks» медиажобасын іске қосу және «Kitap Quiz» зияткерлік ойындарын ұйымдастыру бар.
«Билет с книгой» бастамасы бойынша мәдениет мекемелерінің электронды билеттері мен ақпараттық материалдарына марафон туралы ақпарат пен QR-кодтар қосу жоспарланды. Сондай-ақ кітапханалар, жоғары оқу орындары, креативті хабтар мен қоғамдық кеңістіктердің мүмкіндіктерін пайдалану ұсынылды. Бұл жұмыстар ауылдар мен шалғай елді мекендерді де қамтуы тиіс.
Алдағы міндеттер мен үйлестіру жұмыстары
Кеңес қорытындысында өңірлік жобалық кеңселердің жұмысын жетілдіру, марафонға халықты кеңінен тарту және оның нәтижелерін жүйелі бақылау міндеттері белгіленді.
Дереккөз: gov.kz


