Қазақстан ITS World Congress 2026 аясында көлікті цифрландыруды таныстырды
19 қазанда Корея Республикасының Каннын қаласында интелектуалды көлік жүйелеріне арналған 32-ші ITS World Congress 2026 халықаралық конгресі басталды. Қазақстан делегациясының атынан Көлік вице-министрі Дамир Қожахметов негізгі баяндамашылардың бірі болып сөз сөйледі.
Қазақстанның көлікті цифрландыру тәжірибесі таныстырылды
Вице-министр өз баяндамасында Қазақстанда көлік саласын цифрлық жаңғырту бағытында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды таныстырды. Ол жасанды интеллектіні қолдану, көлік түрлерінен келіп түсетін деректерді бірыңғай цифрлық ортаға біріктіру, инфрақұрылым тиімділігін арттыру және тасымал қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса көңіл бөлді.
Транзиттік әлеует пен халықаралық бастамалар
Сондай-ақ Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік байланыстарды дамытудағы маңызы атап өтілді. Халықаралық көлік дәліздерін цифрландыру, мультимодальды тасымалдарды жетілдіру және логистикалық үдерістердің ашықтығы мен жеделдігін арттыру бойынша бастамалар таныстырылды.
Салааралық талқылаулар мен ынтымақтастық
Конгресс аясында жоғары деңгейдегі халықаралық кездесулер мен салалық пікірталастар өтті. Интелектуалды мобильділік, жол қозғалысы қауіпсіздігі және көлікті цифрлық басқару мәселелері қарастырылды. Бұдан бөлек, шетелдік технологиялық компаниялармен тәжірибе алмасу және ықтимал серіктестік бағыттары талқыланды.
Конгресс тақырыбы және Қазақстанның халықаралық рөлі
Вице-министрдің негізгі баяндамашылардың бірі ретінде сөз сөйлеуі Қазақстанның көлік саласындағы бастамаларын халықаралық деңгейде көрсетуге мүмкіндік берді. ITS World Congress 2026 конгресі «Мобильділік шеңберінен тыс – өзара байланысқан әлем» тақырыбында өтіп жатыр.
Дереккөз: gov.kz



