Астанада Қарағанды облысының креативті жәрмеңкесі өтіп жатыр
Астанадағы Qazaq Creative Hub орталығында Қарағанды облысының креативті жәрмеңкесі басталды. Шара Creative Aimaq жобасы аясында ұйымдастырылды. 17-18 қазан күндері 80-ге жуық шебер, дизайнер, суретші және шығармашылық индустрия өкілдері өз туындыларын елорда тұрғындары мен қонақтарына ұсынады.
Креативті жәрмеңкеде ұсынылған бұйымдар
Жәрмеңкеде авторлық картиналар, зергерлік бұйымдар, ұлттық киімдер, дизайнерлік топтамалар, кілемдер, керамика, қолдан жасалған бұйымдар және сәндік-қолданбалы өнер туындылары көпшілік назарына ұсынылған. Келушілер бұйымдарды тікелей авторлардан сатып ала алады.
Заманауи технологиялар және айрықша экспозициялар
Экспозицияның бөлек аймағында IT, жасанды интеллект, ұшқышсыз технологиялар және 3D-басып шығару саласындағы жобалар көрсетілуде. Абай тігін фабрикасы заманауи сырт киімдер топтамасын, оның ішінде күртешелердің үлгілерін таныстырды. Сондай-ақ көрмеде металдан жасалған бұйымдар, авторлық аксессуарлар мен ұлттық қолөнер туындылары да бар.
Суретші Кәріпбек Күйіковтің кітаптарының тұсаукесері
Жәрмеңкеде белгілі суретші Кәріпбек Күйіковтің «Қайсар рух» және «Жизнь без рук» кітаптарының тұсаукесері өтті. Келушілер суретшінің шығармашылығымен және көркем туындыларымен таныса алады.
Мәдени бағдарлама мен қосымша шаралар
Бағдарлама аясында Амантай Жұмашұлы мен «Тоқырауын толқындары» ансамблі өнер көрсетті. Шарада ұлттық әндер мен би композициялары орындалды. Екі күн бойы дизайнерлік топтамалардың көрсетілімі, шығармашылық шеберлік сабақтары және Қали Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің әртістері концерт қояды.
Көрмені тамашалау және қатысу шарттары
Жәрмеңке 18 қазанға дейін жалғасады. Астана тұрғындары мен қонақтары Qazaq Creative Hub-қа келіп, шеберлердің туындыларын көріп, мәдени бағдарламаларға қатыса алады. Көрме Жошы хан көшесі, 16/2 мекенжайында өтуде. Кіру тегін.
Дереккөз: gov.kz



