Көлік салығын қалай есептеп, төлеуге болады

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кірістер комитеті қазақстандықтарға 2025 жыл үшін көлік құралдарына салынатын салықты (жеке тұлғалар үшін) 2026 жылғы 1 сәуірге дейін төлеу қажет екенін еске салды, деп жазады Zakon.kz.
Салық сомасын мына тәсілдер арқылы есептеуге болады:
- Мемлекеттік кірістер комитетінің порталындағы «Көлік салығын есептеу» электронды қызметі арқылы;
- e-Salyq Azamat мобильді қосымшасының «Калькуляторлар» бөлімінде.
Салықты есептеу үшін мына деректерді көрсету қажет:
- салық есептелетін жыл – 2025 жыл;
- көлік құралын нақты иеленген айлар саны;
- көлік құралының түрі;
- қозғалтқыш көлемі.
Салық мөлшерлемесі айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) көлеміне және көлік құралының қозғалтқыш көлеміне байланысты анықталады. Бұл ретте салықты есептеу кезінде тиісті қаржы жылының 1 қаңтарындағы АЕК мөлшері қолданылады. 2025 жыл үшін АЕК 3 932 теңге болып белгіленген.
Көлік салығы жеке тұлғаның тұрғылықты жері бойынша төленеді.
Төлем жасауға арналған деректемелер:
- бюджеттік сыныптама коды (БСК) – 104402;
- төлем мақсатының коды (ТМК) – 911;
- өсімпұл үшін ТМК – 912.
2025 жылға арналған көлік салығын жеке тұлғалар 2026 жылғы 1 сәуірден кешіктірмей төлеуі тиіс.


