Астанада Өңірлік экологиялық саммит аясында энергоауысым мәселелері талқыланады

2026 жылғы 22–24 сәуір аралығында Астана қаласында алғаш рет Өңірлік экологиялық саммит өтеді. Іс-шараның негізгі алаңдарының бірі, ҚР Энергетика министрлігінің ұйымдастыруымен Орталық Азиядағы әділ энергетикалық көшуге арналған панельдік сессия болмақ, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Энергетикалық көшу мәселелері көптеген елдер үшін өзекті болып қала береді. Жыл сайын әлемдік энергия тұтыну көлемі артып келеді, бұл энергияның барлық көздерін — мұнай, газ, көмір, атом, күн және жел генерациясын – сақтау мен дамытудың қажеттілігін білдіреді.
Басты міндет – энергия көздерін жоққа шығару емес, олардың әрқайсысын неғұрлым таза әрі тиімді ету. Бірқатар елдердің энергетикалық саясаты шамадан тыс жарыс кезеңінен кейін қайтадан теңгерімді және прагматикалық тәсілге басымдық беруде. Әсіресе ұлттық ерекшеліктер мен әр мемлекеттің энергетикалық көшу қарқынын ескеру маңызды.
Энергожүйелерді оңтайландыруда, желілердің сенімділігін арттыруда және шығарындыларды қысқартуда цифрландыру мен жасанды интеллекттің рөлін ерекше атап өткен жөн.
Қазақстан энергетикалық көшу бойынша эволюциялық жолды ұстануда. Көмірсутектер экономикада маңызды рөлін сақтайды, сонымен қатар көміртекті ұстау технологияларын қоса алғанда, таза технологиялар енгізілуде. Елде жаңартылатын энергетика қарқынды дамып келеді.
Өңірлік экологиялық саммит (RES 2026) – Орталық Азия елдері мен басқа мемлекеттерді климаттың өзгеруі, су ресурстарының тозуы, табиғи ресурстарды тұрақты басқару және басқа да өзекті экологиялық мәселелерді шешу үшін біріктіруге бағытталған халықаралық іс-шара. RES 2026 2026 жылғы 22-24 сәуір аралығында Астана қаласында (Қазақстан) өтеді. Саммитке мемлекеттер, халықаралық ұйымдар, бизнес және ғылым өкілдерінен тұратын 1500 делегаттың қатысуы күтілуде.
RES 2026-ны БҰҰ-мен әріптестік аясында өткізу бастамасын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясында жариялаған болатын.



