Басты жаңалықтарҚоғам

«Заң мен тәртіп»: Астанада студенттерге алаяқтардан қорғану жолдары түсіндірілді

Астанада Ұлттық спорт университетінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен сарапшылар студенттерге кибер алаяқтық бойынша түсіндіру жұмыстарын өткізді, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шара барысында Астана қаласы Полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция капитаны Айдар Қонысбек студенттерді алаяқтардан барынша сақ болуға шақырып, алаяқтардың құрығына ілікпеу жөнінде бірқатар кеңес берді.

«Алаяқтар көп жағдайда азаматтарға әртүрлі өкілетті органдар қызметкерінің атын жамылып хабарласады. Мысалы, өздерін банктен, полициядан, «Қазпоштадан», Ұлттық қауіпсіздік комитетінен, прокуратурадан, ұялы байланыс операторларынан, халыққа қызмет көрсету орталығынан екендерін айтуы мүмкін. Осылайша, алаяқтар адамдардың сеніміне кіру арқылы азаматтардың атынан несие рәсімдеуге немесе депозиттегі қаражаттарын өздеріне аударып алуға тырысады», – деді ол.

Сонымен қатар киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі SMS кодтарды ешкімге айтпау керектігін ескертті.

«Уатсап желісінен жақындарыңыздың атынан қарыз сұрайтын хаттардың келуі әлі де жиі кездеседі. Оны алаяқтар уатсабыңызды бұғаттау арқылы іске асырады. Ондай жағдайда көмек сұрап хат жолдаған жақыныңыздың ұялы байланысына қоңырау шалып, жағдайды нақтылаған дұрыс. Қазіргі таңда алаяқтардың мұндай құрығына егде жастағы адамдар ғана емес, жастардың өзі де алданып қалып жатыр. Ал уатсабыңызды бұғаттаудың алдын алу үшін оның баптау құрылғысындағы екі қадамнан өтіп, код арқылы қорғанысты күшейтіп қойған жөн», – деді Айдар Қонысбек.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button