«SARAP» алаңында кеңесуші демократияның болашағы талқыланды

30 қаңтар күні Астана қаласында «SARAP» эксперттік клубының «Кеңесуші институттар: конституциялық реформа аясындағы перспективалар» тақырыбындағы отырысы өтті. Іс-шара Қазақстандық қоғамдық даму институтының ұйымдастыруымен, Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асты.
Жиын барысында Мемлекет басшысының V Ұлттық құрылтай отырысында көтерген бастамалары талқыланды. Сарапшылар кеңесуші демократияның қазақстандық моделін қалыптастыру үдерісіне тоқталып, Халық кеңесін құрудың ықтимал бағыттары мен ерекшеліктері жөнінде пікір алмасты.
Отырысқа Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшелері, академиялық орта өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар мен сарапшылар қатысты.
Іс-шараны модерациялаған Қазақстандық қоғамдық даму институтының Басқарма төрағасы Жұлдызай Ысқақова консультативтік институттардың жаңа конституциялық жүйедегі рөліне назар аударды. Оның айтуынша, бұл институттардың дамуы азаматтық қоғамды нығайтуға және қоғамдық диалогтің сапасын арттыруға тікелей әсер етеді.
Парламент Сенатының депутаты Жанна Асанова болашақ кеңесуші орган жұмысына жасанды интеллектке негізделген цифрлық шешімдерді енгізудің маңызын атап өтті. Ол мұндай тәсіл азаматтардың ұсыныстарын тіркеуге, талдауға және жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік беретінін айтты.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Индира Рыстина Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мен Ұлттық құрылтайдың саяси реформалардағы маңызын атап өтіп, алдағы кезеңде Халық кеңесін құру қоғам мен мемлекет арасындағы диалогті одан әрі институционалдандыратынын жеткізді.
Ал Конституциялық комиссия мүшесі, саяси шолушы Ғазиз Әбішев болашақ Халық кеңесінің делиберативтік орган ретінде қалыптасу әлеуетін атап өтті. Оның пікірінше, бұл үшін кең өкілдік, рәсімдердің ашықтығы және қоғамдық ұсыныстардың нақты ескерілуі маңызды.
Сондай-ақ жиында Наталья Калашникова, Жанар Санхаева және Арман Ешмұратов сөз сөйлеп, этномәдени бірлестіктердің рөлі мен кеңесуші демократия саласындағы халықаралық тәжірибелерге тоқталды.
Іс-шара соңында қатысушылар пікір алмасып, реформалар жағдайындағы кеңесуші институттардың дамуына қатысты ұсыныстарын ортаға салды.



