«Заң мен тәртіп»: Астанада хоккей матчы кезінде «Заң мен үшін…» атты ашық микрофон өтті
Астана қаласында «Барыс-Арена» стадионында Құрлықтық хоккей лигасының тұрақты чемпионаты аясындағы жергілікті «Барыс» пен «Адмирал» командалары арасындағы кезекті матч барысында «Заң мен үшін…» атты ашық микрофон өтті. Іс-шара «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Ашық микрофон матч басталар алдында аренаның фойесінде өтті. Іс-шараға келген жанкүйерлер мен қала тұрғындары күнделікті өмірдегі заң, тәртіп және жеке жауапкершіліктің маңызы жөнінде өз ой-пікірлерін еркін білдіріп, қоғамдық нормаларды сақтау мәселесі бойынша өмірлік тәжірибелерімен бөлісуге мүмкіндік алды.
«Бүгін ойын басталар алдында біз ашық микрофон ұйымдастырып, жанкүйерлер мен қала тұрғындарына заң мен тәртіптің олар үшін нені білдіретінін еркін айтуға мүмкіндік бердік. Мұндай форматты ірі футбол және хоккей матчтарының алдында, сондай-ақ жаттығулар мен жаппай сырғанау кезінде өткізу жастарды заң, жауапкершілік және қоғамдық тәртіптің маңызы туралы диалогқа тартуға бағытталған. Бұл іс-шара спорттық және ағартушылық бағытты ұштастырып, белсенді азаматтық ұстаным мен заңға бағыну мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді», – деді Астана қаласының спорт басқармасының баспасөз хатшысы Мадина Айтқалиева.
Аталған формат жанкүйерлер тарапынан үлкен қызығушылық тудырып, спорттық іс-шараны маңызды қоғамдық пікірталаспен ұштастыруға мүмкіндік бергені атап өтілді.



