
Түркияның «Болашаққа мұра» жобасы аясында 2025 жылы археология әлемін дүр сілкіндірген бірегей қазыналар жарыққа шықты. Анадолының әр бұрышынан табылған бұл жәдігерлер көне дәуірдің құпиясын ашты.
1. «Күлімдеген» Медуза (Амасра)
Әдетте жылан шашты, қорқынышты Медузаны бәріміз білеміз. Бірақ Амасрадан табылған 2000 жылдық мүсін мүлдем басқаша – ол жымиып тұр. Бұл мифологиядағы ең сирек кездесетін бейнелердің бірі.

2. Трояның «Тірі» алтыны (Чанаккале)
Әйгілі Троядан б.з.д. 2500 жылға жататын алтын қапсырма мен нефрит тас табылды. Бұл – соңғы жүз жылдағы ең ірі олжа. Әлемде мұндай жәдігердің тек 3 данасы ғана бар, ал Түркиядан табылғаны – ең жақсы сақталғаны.

3. «Тігілген» ауыз бен мифологиялық сыр (Taş Tepeler)
Шанлыурфадағы зерттеулер нағыз сенсация жасады:
-
Сайбурчта аузы «тігілген» адам мүсіні табылды.
-
Карахантепеден әлемдегі ең көне 3D мифологиялық көрініс (үш жануар бейнеленген ыдыс) анықталды.

4. Су астындағы Осман қазынасы (Мугла)
Датча жағалауынан XVII ғасырға тән жалғыз Осман кемесі табылды. Іші толған қару-жарақ, қытай фарфоры және сол заманның «сәні» болған темекі түтіктерінің алып топтамасы.

5. Қасиетті «көмір» нан (Караман)
VII-VIII ғасырлардан жеткен 5 нан түйірі табылды. Ерекшелігі – нанның бетінде Иса пайғамбардың бейнесі бедерленген. Бұл ерте христиандық рәсімдердің құпиясын ашты.

6. Вандағы алып «тоңазытқыш»
Урарту патшалығына тиесілі қамалдан 76 алып ыдыс (пифос) табылды. Бұл – өз заманының ең ірі қойма кешені. Сына жазулары бар бұл құмыраларда астық пен шарап сақталған.

7. Эфестегі Мысыр ізі (Измир)
ЮНЕСКО мұрасы Эфестен мысырлық Серапис құдайына арналған хош иіс ыдысы табылды. Бұл екі ежелгі өркениеттің арасындағы тығыз сауда байланысын дәлелдей түсті.

Бүгінде Түркия тек жағажай емес, топырақ астынан тарих тіріліп жатқан алып музей. Саяхатыңызды өткен шақтан бастағыңыз келсе, осы мекендер сізді күтеді!



