Білім

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің 13 оқытушысы «2025 жылғы жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атанды

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің 13 оқытушысы «2025 жылғы жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» республикалық байқауының жеңімпазы атанды.

Биылғы байқауға еліміздің 89 жоғары оқу орнынан 502 үміткер қатысқан. Конкурс талаптарына сәйкес, Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетіне 13 квота бөлінді. Университет ішіндегі іріктеу кезеңінде 28 үміткердің арасынан 13 оқытушы таңдалып, олардың барлығы республикалық кезеңнен сәтті өтіп, байқау жеңімпазы деп танылды.

Байқау барысында қатысушылардың электрондық білім беру ресурстарын және оқу-әдістемелік материалдарды әзірлеуі мен жариялауы, отандық және халықаралық ғылыми журналдардағы мақалалары, патенттері, сондай-ақ басқа да ғылыми жетістіктері бағаланды. Сонымен қатар оқыту сапасы мен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесіне білікті кадрлар даярлауға қосқан үлесіне ерекше мән берілді.

ҚарТУ-дің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Бекболат Нүсіпбеков бұл жетістікті университет ұжымының жоғары кәсіби деңгейінің айқын дәлелі ретінде атап өтті. Оның айтуынша, бұл нәтиже оқу орнының ғылыми және кадрлық әлеуетін жүйелі дамыту бағытындағы жұмыстың жемісі.

Айта кетейік, «2025 жылғы жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағы иегерлеріне ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге, кәсіби біліктілігін арттыруға, сондай-ақ әлемнің жетекші университеттері мен ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтуге мүмкіндік беріледі.

Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ-дің баспасөз қызметі

Басқа жаңалықтар

Back to top button