Сыр өңірінде алдағы үш жылда 51 мектеп күрделі жөндеуден өтеді

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес алдағы үш жылда өңірдегі 51 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Биыл бұл мақсатқа облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, 9 мектеп қайта жаңғыртылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өңір басшысы Нұрлыбек Нәлібаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, соңғы үш жылда білім беру саласына 812 млрд 245 млн теңге, ал биыл 346 млрд 800 млн теңге бағытталған. Өткен жылы 13 білім беру ұйымы жаңадан ашылды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 54 млрд 391 млн теңгеге 10 жаңа мектеп салынып, пайдалануға берілді.
2023 жылдан бері өңірдегі 9 мектептің жанынан қосымша ғимараттар салынды. Нәтижесінде үш ауысымда оқыту мәселесі толық шешімін тапты.
«Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» есебінен физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернаты салынып, ел игілігіне берілді. Қордың демеушілігімен Арал ауданының Мергенсай ауылындағы 150 орындық мектеп жақын күндері оқушыларды қабылдайды.
Кәсіпкер демеушілігімен Арал ауданы Тоқабай ауылындағы апатты жағдайдағы мектептің орнына жаңа білім ордасы салынды. Соңғы үш жылда жалпы 15 мектеп ғимараты күрделі жөндеуден өтті.
«Қазгермұнай» компаниясының қолдауымен қалада 350 орындық Оқушылар сарайы салынды. Облыстық бюджет есебінен Жаңақорған, Шиелі, Жалағаш аудандарында 200 орындық Оқушылар үйлері мен 50 орындық Өнер мектебі, балалар мен жасөспірімдерге арналған «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы бой көтерді. «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен музыкалық колледждің жаңа ғимараты пайдалануға берілді.
Биыл «Қазақстан халқына» қоры арқылы 500 млн теңгеге ауылдық жерлердегі 2 мектеп ресурстық орталық ретінде интерактивті және заманауи оқу кабинеттерімен жабдықталды. Қордың 2,5 млрд теңге қаржысына өңірдегі 58 мектептің, оның ішінде 8 шағын жинақты мектептің физика, химия, биология кабинеттері жаңартылды.
Білім саласын жүйелі қолдаудың нәтижесінде өңір Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша республикада екінші жыл қатарынан үздік атанды. ҰБТ-ға қатысқан 9 352 түлектің орташа балы 75,7 болды, бұл республикалық орташа көрсеткіштен жоғары. Мемлекеттік гранттарды жеңіп алу көрсеткіші бойынша талапкерлер республикада бірінші орынға шықты.
Ауыл мектептері оқушыларына арналған республикалық пәндік олимпиада қорытындысымен өңір командасы қоғамдық-гуманитарлық бағытта екінші, жаратылыстану-математикалық бағытта үшінші орынды иеленді. Боливияның Сукре қаласында өткен халықаралық информатика олимпиадасында қаладағы С. Шаухаманов атындағы №9 Білім-инновация лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Мансұр Мамадахунов күміс медальға қол жеткізді.
WorldSkills Kazakhstan X республикалық чемпионатында өңір жастары 1 күміс, 5 қола медаль және 5 үздік маман медальонын иеленді.
Ұстаздар жетістігі де жоғары бағаланды. Республикалық байқауларда өңір педагогтері жүлделі орындарға ие болып, «Үздік педагог – 2025», «Дарынды балаларға – талантты ұстаз – 2025», «Педагогикалық идеялар фестивалі – 2025» сынды конкурстарда жеңімпаз атанды. «Математикалық регата – 2025» республикалық байқауында өңір командасы бірінші орынды жеңіп алды.



