Қызылордада жаңа жылу-электр орталығы салынды

Мемлекет басшысының қолдауымен түркиялық «AKSA Energy» компаниясы қала аумағында қуаттылығы 240 мегаватт болатын жаңа жылу-электр орталығын салды. Жобаның жалпы құны 215 млрд теңгені құрайды. Орталыққа бюджет есебінен 15 млрд теңгеге 45 шақырым газ құбыры тартылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өңір басшысы Нұрлыбек Нәлібаев мәлімдеді.
Айтуынша, бұл – Тәуелсіздік жылдарында инвестор қаржысына жүзеге асқан ірі жобалардың бірі. Жаңа орталық жылына 240 мегаватт электр қуаты мен 277 гигакалория жылу энергиясын өндіреді. Нысан өңірді электр энергиясымен толық қамтамасыз етіп қана қоймай, оның бір бөлігін басқа аймақтарға жеткізуге мүмкіндік береді.
Жоба құжаттамалары 2023 жылы әзірленіп, 2024 жылы құрылыс жұмыстары басталған. Инвестициялық шартқа сәйкес орталықты іске қосу 2026 жылдың тамызына жоспарланғанымен, Мемлекет басшысының тікелей бақылауында болуына байланысты нысан мерзімінен бұрын пайдалануға берілді.
Қазіргі таңда 176 мегаватт электр энергиясын өндіретін газ турбинасы іске қосылған. Ал келесі жылдың басында бу турбинасын іске қосу жоспарланып отыр, нәтижесінде қосымша 95 мегаватт электр энергиясы өндірілмек.
Соңғы жылдары өңірде тұрғындарды электр энергиясымен тұрақты қамту бағытында 24 млрд 200 млн теңгеге 71 жоба жүзеге асырылып, тозған электр желілерінің үлесі 60,8 пайызға төмендеді.
Мемлекет басшысының Катар еліне жасаған сапары барысында қол жеткізілген келісім нәтижесінде қуаттылығы 1100 мегаватт болатын бу-газ қондырғысын жобалау жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта жобаға 250 гектар жер телімі бөлініп, техника-экономикалық негіздеме әзірленуде.
Жоба аясында «Қызылорда – Жезқазған» және «Қызылорда – Шымкент» бағыттарында жоғары қуатты 500 кВт электр желілерін салу, сондай-ақ ұзындығы 1,5 мың шақырым болатын «Бейнеу – Шымкент» газ құбырының екінші желісін жүргізу жоспарланған. Жобаның жалпы құны 3 трлн теңгені құрайды, оның ішінде 1,7 трлн теңгеге бағаланған 846 шақырым газ құбыры өңір аумағынан өтеді.



