Экономика

Өңір құрылыс көлемі бойынша республикадағы жетекші аймақтардың бірі

Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауымен Сыр өңірінде құрылыс қарқыны айтарлықтай артты. 2022 жылдан бері халыққа қажетті 200-ге жуық әлеуметтік нысан бой көтеріп, пайдалануға берілді. Бұл туралы елордада өткен Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде өңір басшысы Нұрлыбек Нәлібаев хабарлады.

Оның сөзінше, соңғы үш жылда өңірдің барлық ауданында алғаш рет тұрғын үйлер салына бастады. Атап айтқанда, 2023 жылы 430, 2024 жылы 1015, 2025 жылы 332 пәтер пайдалануға беріліп, барлығы 1777 отбасы жаңа қонысқа ие болды. Биыл 3600 пәтерлік тұрғын үйлердің құрылысына бюджеттен 58 млрд 785 млн теңге қарастырылған.

Балалардың жан-жақты әрі сапалы білім алуына жағдай жасау – басым бағыттардың бірі. «Білімді қолдау қорының» 8 млрд 400 млн теңгесі есебінен физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернаты ел игілігіне тапсырылды. Сонымен бірге осы қор қаржысына Арал ауданының Мергенсай ауылында 150 орындық мектеп салынып, жақын күндері пайдалануға беріледі.

Қала аумағында 11 млрд теңгеге балалар мен жасөспірімдерге арналған «Сыр жұлдыздары» академиясының құрылысы жүргізілді. Жалағаш, Жаңақорған және Шиелі аудандарында 3 млрд теңгеден астам қаржыға Оқушылар үйлері мен Өнер мектептері салынды. Облыс орталығында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының демеушілігімен 2 млрд 500 млн теңгеге заманауи Оқушылар сарайы ашылды. Ал «Саутс Ойл» компаниясы музыкалық колледждің жаңа оқу ғимараты мен жатақханасының құрылысына 4 млрд 800 млн теңге бөлді.

Қазіргі таңда Президент саябағында жыл бойы жұмыс істейтін заманауи балалар тынығу лагері мен Ботаникалық білім беру орталығының құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар жұмысшы мамандарды даярлауға арналған «Құзыреттілік орталығының» ғимараты салынуда.

Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында өңірде көркейту-көгалдандыру және ауылдарды абаттандыру жұмыстары күшейтілді. Биыл қалалық мәдени-демалыс паркі қайта жаңғыртылып, Қорқыт Ата мемориалды аллеясы заманауи демалыс орнына айналды.

Жаңартылған Президент саябағы қала тұрғындары мен қонақтары көп жиналатын көрікті нысандардың біріне айналмақ. Қазіргі уақытта саябақ аумағында бес жұлдызды қонақүйдің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар Сырдария өзені арқылы Астана шағын ауданын байланыстыратын жаяу жүргіншілер көпірін салу жоспарланып отыр.

Өңірде 2023 жылдан бері «Үлгілі елді мекен» облыстық конкурсы тұрақты түрде өткізіліп келеді. Байқау қорытындысы бойынша үздік ауылдарға облыстық бюджет есебінен сатып алынған 67 арнайы техника табысталды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button