Моңғолиядан келген қандастардың жалпы еңбек өтілі енді Қазақстанда есепке алынады
Мәжіліс Қазақстан Үкіметі мен Моңғолия Үкіметі арасындағы зейнетақы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Келісімге 2024 жылғы 29 қазанда Ұлан-Батыр қаласында қол қойылған. Құжат екі ел азаматтарының зейнетақы құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған.
«Аталған келісімді ратификациялау екі ел азаматтарының зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған. Атап айтқанда, ол зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде еңбек өтілін тану және есепке жатқызу бөлігінде басқа елдің аумағына көшу кезінде Қазақстан Республикасы мен Моңғолия азаматтары үшін қосымша мүмкіндіктер береді. Атап айтқанда, ортақ және базалық зейнетақыларды есептеу кезінде еңбек өтілін есепке алу мақсатында, Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесі шеңберінде қалыптастырылатын жинақтаушы зейнетақыларды экспорттау кезінде. Атаулы Келісім келесі зейнетақыларға: Қазақстан Республикасында – еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдеріне; Моңғолияда – әскери қызметі үшін зейнетақыларға қолданылмайды», – делінген құжат қорытындысында.
Осы мемлекеттердің азаматтарына зейнетақы тағайындау және төлеу тұратын мемлекетінің заңнамасы бойынша жүзеге асырылады.
Заң жобасын іске асыру халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, азаматтардың әлеуметтік кепілдіктері мен құқықтарын нығайтуға, сондай-ақ екі мемлекет арасындағы өзара сенімді күшейтуге ықпал ететін болады.



