Астанада «Шабыт» XXVIII халықаралық шығармашыл жастар фестивалі өтеді

Астанада 18-22 қараша аралығында «Шабыт» XXVIII халықаралық шығармашыл жастар фестивалі өтеді.
Бұл – Қазақстандағы ең ірі мәдени шаралардың бірі болып саналатын, әлемнің түкпір-түкпірінен келген талантты жас әртістерді, суретшілер мен ақындарды біріктіретін беделді фестиваль, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Шабыт» фестивалінің басты мақсаты – дарынды жастарды қолдау және дамыту, кәсіби шеберлікті арттыру, ұлттық және әлемдік мәдениетті насихаттау, сондай-ақ халықаралық шығармашылық ынтымақтастықты нығайту.
Фестивальге 18 бен 35 жас аралығындағы шығармашыл жастар қатыса алады. Бұл қатарға өнер бағытындағы оқу орындарының студенттері мен түлектері, сондай-ақ филармониялар, театрлар мен концерттік ұйымдардың кәсіби орындаушылары кіреді. Әр қатысушы тек бір номинация бойынша ғана өтінім бере алады.
Өтінім қабылдау мерзімі: 2025 жылғы 5 қараша күні сағат 18:00-ге дейін (Астана уақытымен).
Номинациялар:
- Камералық хор. Хор дирижері;
 - Академиялық ән айту және концертмейстерлік шеберлік;
 - Камералық музыка (скрипка, альт, виолончель, контрабас, фортепиано);
 - Фольклорлық ансамбль (2-5 қатысушы);
 - Эстрадалық вокал (дуэт, трио);
 - Бейнелеу өнері (кескіндеме, графика);
 - Поэзия (үздік әдеби шығарма).
 
Сыйақы қоры:
- Гран-при — 3 000 000 теңге;
 - I орын — 1 000 000 теңге;
 - II орын — 750 000 теңге;
 - III орын — 500 000 теңге.
 
«Шабыт» фестивалі – жаңа есімдердің бастау алаңы, шабыт пен шығармашылықтың қайнар көзі, сондай-ақ Қазақстан мен әлем жастарының бірлігін паш ететін мәдени бренд.



