Гранттар, практика, жаңа жұмыс орындары: Астанада халықты жұмыспен қамту бойынша қандай жұмыс жүргізіліп жатыр
Елордада еңбек нарығындағы жағдай тұрақты және ерекше бақылауда тұр. Қалада тұрғындарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және жұмыссыздықпен күрес бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері аталған шаралармен 14 350 адам қамтылды, олардың жартысынан көбі – жастар, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Осылайша, жыл басынан бері елордада тұрақты жұмыс орындарына 2 363 адам, қоғамдық жұмыстарға 3 107 адам, «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша 614 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына 257 адам, «Күміс жас» жобасы аясында 717 адам жұмысқа орналастырылды. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 2 885 тұрғын оқудан өтті, сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн оқытуға 1 199 адам, әлеуметтік кәсіби бағдарлауға 2 978 адам, кәсіби оқытуға 72 адам қатысты.
Кәсіпкерлік бастамаларды қолдау аясында елордада жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 400 АЕК-ке дейін гранттар беріледі. Бағдарлама екі кезеңнен тұрады. Екінші легінің қорытындысы бойынша әлеуметтік осал топтағы азаматтарға 126 грант берілді.
«Электрондық еңбек биржасы» интернет-порталында 748 жұмыс беруші ұсынған 7 566 бос жұмыс орны орналастырылған.
Жұмыссыздардың, оның ішінде жастар мен жекелеген санаттағы азаматтардың жұмыспен қамтылу мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында Астанада 40 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді.
Жұмыс орындарын құрудың өңірлік картасын іске асыру аясында 59 926 жұмыс орны ашылды (53 136 – тұрақты, 6 790 – уақытша):
- жобалар аясында – 8 072 жұмыс орны;
- жеке бастамалар (10 мың адамға 100 жұмыс орны) – 49 491;
- бос жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру – 2 363.



