Саясат

Данияр Қасқарауов: Қонаев қаласының дамуы баяулап, стратегиялық мақсат орындалмай отыр

ҚР Мәжілісінің депутаты Данияр Қасқарауов Қонаев қаласының даму қарқынына алаңдаушылық білдіріп, осы мәселеге Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Амринге және Қаржы министрі Мәди Тәкиевке сұрақ қойды.

Депутаттың айтуынша, Қонаев қаласының стратегиялық мақсаты – Алматы облысының әкімшілік орталығы ретінде қалыптасып, Алматы қаласындағы әлеуметтік және көлік жүктемесін азайту. Алайда бұл бағыттағы жұмыс баяу жүріп жатыр.

«Қонаев қаласы облыс орталығы мәртебесін алғанына үш жыл болды, бірақ осы уақыт ішінде бірде-бір әкімшілік немесе әлеуметтік нысан салынбады. Халық саны артып келе жатса да, мектептер, ауруханалар, мәдениет және спорт нысандарының құрылысы кенжелеп келеді», — деді депутат.

Қазір жалпы сомасы 747 миллиард теңгені құрайтын өзекті жобалар республикалық бюджетке енгізілмеген. Олардың қатарында әкімшілік ғимараттар, Конгресс-холл, Драма театры және өзге де әлеуметтік маңызы бар нысандар бар.

Депутат қойған сұрақтар:
1. Қонаев қаласының әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуына арналған жобалар неге назардан тыс қалып отыр?
2. Үкімет бұл мәселені шешу үшін қандай нақты шаралар қабылдамақ?

Бұл мәселелер тек қаржы тапшылығына емес, сонымен бірге жергілікті тұрғындардың өмір сапасы мен балалардың біліміне, денсаулығына және мәдени дамуына тікелей әсер етеді. Сондықтан депутат Үкіметке Қонаев қаласының дамуын жеделдетіп, кешенді жоспардың нақты орындалуын қамтамасыз ету қажеттігін қатаң түрде талап етті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button