Басты жаңалықтарҚоғам

Сорбұлақ мәселесі Үкімет деңгейінде көтеріледі

ҚР Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов Алматы облысындағы Сорбұлақ су қоймасына қатысты мәселені Үкімет қарауына шығарды. Ол Премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, халық денсаулығы мен экологияға төнген қатерді жоюды талап етті.

Депутаттың айтуынша, қазір Сорбұлақтағы су көлемі 750 млн текше метрге жеткен. Қатты нөсер, тасқын немесе жер сілкінісі болса, Ақши мен Күрті ауылдарын су басып, ластану Іле өзеніне, Қапшағай мен Балқашқа дейін жетуі мүмкін. Бұл — ұлттық деңгейдегі экологиялық апат қаупі.

Зерттеу нәтижелері де дабыл қақтырды: Сорбұлақ суынан 31 түрлі химиялық зат пен ауыр металл табылған, олардың ішінде кадмий мөлшері нормадан төрт есе жоғары. Мұндай у адам ағзасында жиналып, қауіпті ауруларға алып келуі мүмкін.

Қасқарауов мәселені шешу үшін төрт ұсыныс айтты: мемлекеттік комиссия құру, заманауи тазарту станцияларын салу, бөлінген қаржыға аудит жүргізу және суды ауыл шаруашылығына пайдалану.

Депутаттың сөзінше, бұл тек Іле ауданына емес, бүкіл Жетісу өңіріне қатысты қауіп. «Сорбұлақты Үкімет ерекше бақылауына алуы тиіс», — деп түйіндеді ол.

Басқа жаңалықтар

Back to top button