Басты жаңалықтарЭкономика

Қазақстанда инфляция 11,9%-ға дейін өседі деп болжануда

Еуразия даму банкі (ЕАДБ) Қазақстан экономикасының 2025-2027 жылдарға арналған макроболжамын жариялады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Сарапшылардың болжауынша, 2025 жылдың соңына қарай Қазақстанда инфляция деңгейі 11,9%-ға жетуі мүмкін. Еуразиялық даму банкі (ЕАДБ) бұл көрсеткіш базалық мөлшерлемені 2026 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін 16,5% деңгейінде ұстап тұруға негіз болады деп есептейді.

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың желтоқсанында 8,6% болған тұтыну бағасының өсуі 2025 жылдың басында жеделдеді: сәуірде 10,7%-ға, мамырда 11,3%-ға дейін жетті. Банк сарапшыларының айтуынша, бұл өсімге негізгі үлесті қызмет көрсету секторы қосты. 2025 жылдың сәуір айының соңына қарай қызмет көрсету құны 4,5 пайызға артқан, бұл реттелетін тарифтердің және нарықтық қызметтер бағасының өсуімен байланысты.

Орта мерзімді перспективада инфляцияның баяулайтыны күтілуде. Алайда, салық реформасы аясында 2026 жылдың басында қайтадан өсу болжамы бар. ЕАДБ мәліметінше, инфляцияның шарықтау шегі 2026 жылдың екінші тоқсанында болады. Бизнес пен халық фискалдық сектор заңнамасындағы өзгерістерге бейімделіп, қатаң ақша-несие шарттарын сақтау аясында инфляция 2026 жылдың екінші жартыжылдығында бәсеңдей бастап, жыл соңына дейін 11,7% деңгейінде болады деп күтілуде.

2027 жылы, 2026 жылдың жоғары көрсеткіштері есебінен және ақша-несие саясаты шараларының арқасында, инфляция жыл соңына дейін 6,5%-ға дейін төмендейді деп болжануда.

Сарапшылар сонымен қатар 2025-2027 жылдары тұрақты экономикалық өсім шамамен 5,5%-ды құрайды деп болжап отыр. ЕАДБ бағалауынша, 2025 жылдың басында Қазақстан экономикасы қарқын алды. Қаңтар-сәуір аралығында ЖІӨ өсімі 6%-ға дейін жеделдеді, бұл қаңтардағы 5,4%-дан жоғары. Өсімде өнеркәсіп секторы шешуші рөл атқарды, оның өсу қарқыны қаңтар-сәуірде жылдық 6,6%-ға дейін артты (қаңтарда 2,3% болған).

 

Via
sputnik.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button