Қандай көзілдірік көзді күннен жақсы қорғайды?

Күн көзінен қорғану үшін міндетті түрде қымбат көзілдірік сатып алудың қажеті жоқ, деп хабарлайды AstanaNews.kz сайты BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.
BBC News-тің жазуынша, Кардифф университетінің оптометрия және көру ғылымдары мектебінің өкілі, доктор Малгожата Розановска осылай деп есептейді.
Сарапшының айтуынша, күн сәулесінің құрамындағы ультракүлгін (UV) сәулелер көздің түрлі ауруларына себеп болуы мүмкін, соның ішінде көздің сыртқы және ішкі құрылымына зақым келтіретін катаракта, фотокератит (көздің «күнге күйіп қалуы») секілді жағдайлар бар. Ұзақ мерзімді әсері макулалық дегенерацияға, яғни көздің жасқа байланысты көру қабілетін жоғалтуына әкелуі мүмкін.
Жақсы қорғаныс үшін міндетті түрде қымбат бренд қажет емес. Қарапайым көзілдіріктер де тиімді болуы мүмкін, егер оларда UV400 немесе CE сертификаты болса. Мұндай линзалар ультракүлгін сәуленің 99 пайызын бөгей алады.
Ал жалған брендті, арзан базарлық көзілдіріктер кейде мүлде қорғаныссыз болып шығуы мүмкін. Олар тым қараңғы болса да, UV-дан қорғамайды, керісінше, қара линза көз қарашығын кеңейтіп, зиянды сәуле көз ішіне көбірек өтіп кетуі ықтимал.
Көзілдірік таңдағанда тек линза түсіне емес, қорғаныс деңгейіне назар аудару маңызды. Көзілдіріктердің жарық сүзу деңгейі 0-ден 4-ке дейін бөлінеді. 4-категориялы көзілдірік таулы аймаққа не қар үстіндегі демалысқа жарамды, бірақ көлік жүргізуге қауіпсіз емес. Дегенмен, линзаның қараңғылығы UV қорғанысының кепілі емес.
Сондай-ақ, балаларға көзілдірік тағып жүру міндетті емес, дейді сарапшы. Көлеңкеде ойнау жеткілікті, өйткені шөп пен ағаштардан шағылған ультракүлгін сәуле деңгейі өте төмен. Керісінше, күн сәулесінде табиғи түрде ойнау балаларда алыстан көрмеу (миопия) қаупін азайтады.
Мамандардың кеңесі бойынша, күннен қорғану үшін сапалы көзілдірік, кең жиекті бас киім және SPF деңгейі жоғары крем қолдану жеткілікті.