Елордадағы автобус апаты: екі аяғынан бірдей айрылған қызға мемлекет тарапынан өмір бойы көмек көрсетіледі

Министрдің айтуынша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қыз балаға протездер жасап, барлық оңалту қызметтерін көрсетуді өз мойнына алады. Дәрігерлер оған арнайы оңалту бағдарламасын әзірлейді. Сондай-ақ, министр зардап шеккен отбасыға 19 миллион теңге көлемінде сақтандыру төлемі жасалғанын еске салды.
«19 миллион теңге – келтірілген залалды өтеуге арналған. Мемлекет өмір бойы қызды да, анасын да қамқорлығына алады. Қыз балаға бірінші топтағы мүгедектік беріледі, бұл – ай сайын 100 мың теңгеден аса қаражат. Ал анасына күтім жасағаны үшін 70-80 мың теңге көлемінде төлем төленеді. Сонымен қатар, анасы басқа да төлемдер алады», – деді Светлана Жақыпова.
Астанада 2025 жылғы 2 маусымда кешкі уақытта ауыр жол-көлік оқиғасы болды. Алдын ала мәлімет бойынша, жүргізуші жолаушылармен бірге бағыт бойынша келе жатып, маневр жасау кезінде тізгінге ие бола алмай, ақпараттық тақтаның тірегіне соғылған. Оқиға салдарынан 10 адам зардап шекті, полиция қылмыстық іс қозғады. 3 маусымда бір науқастың аяғы кесілгені белгілі болды.