Аңызға айналған Айя-София күмбезі ғасырлар бойы сақталу үшін қалпына келтірілуде

1486 жылдық тарихы бар адамзат мұрасының ең көрнекті жәдігерлерінің бірі – Ыстанбұлдағы Айя-София Ұлы мешіті соңғы жылдары ауқымды қалпына келтіру жұмыстарының орталығына айналды. Осы ауқымды жобаның маңызды кезеңі ретінде әлемге әйгілі сәулет нысанының салтанатты күмбезі беріктігін арттыру мақсатында кешенді қалпына келтіру мен нығайту шараларынан өтуде.

Айя-Софияның тәжін қорғау
Түркия өзінің бай мәдени мұрасын сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу мақсатында атқарып жатқан археологиялық қазба және қалпына келтіру іс-шараларының аясында Айя-София да бар. Бұл алып архитектуралық ғимарат соңғы үш жыл көлемінде жан-жақты күшейтіліп, бірқатар бөліктері қалпына келтірілді. Қалған жұмыстар кезең-кезеңімен мұқият жүргізілуде. Енді басты назар Айя-Софияның күмбезіне ауысады: күмбездің бастапқы көрінісін сақтай отырып, оны жер сілкіністеріне төзімді етіп жасау көзделіп отыр. Орталық күмбезге қатысты барлық жұмыстар тек сыртқы жағынан жүргізіледі, бұл ішкі мозаикалық беттерге зақым келтірмеу үшін қажет. Күмбездің сыртындағы қорғасын жамылғылары сөгіліп, қажет болған жағдайда жөнделеді немесе жаңасымен алмастырылады. Осы кезеңде күмбез маусымдық ауа райының әсерінен және ішкі мозаикаларға зиян келмеуі үшін арнайы болат құрылым және сапалы қорғаныс материалдарымен уақытша жабылады.
Сондай-ақ, күмбездің ішкі бөлігіндегі мозаикаларды қалпына келтіру үшін 43,5 метр биіктікте төрт тіреу бағанаға негізделген болат платформа орнатылады. Аталған конструкция діни жоралардың үзіліссіз атқарылуын қамтамасыз ете отырып, қалпына келтіру жұмыстарын қауіпсіз әрі пайдалы жүргізуге жол ашады
Сонымен қатар, шығыс жағында 41 метрлік мұнаралы кран орнатылмақ. 60 метрлік жебелі бұл кран арнайы Айя-София үшін жобаланған және ғимаратқа қауіп төндірмей, оңтайлы қашықтықта жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Күмбез, мозаика мен мұнаралар бойынша жұмыстар аяқталған соң, уақытша орнатылған болат құрылымдар мен крандар толықтай алынып тасталады.

Жоба аясында бұған дейін Сұлтан ІІІ Мехмет, ІІ Селим және ІІІ Мұрадтың кесенелері, Сыбян мектебі мен Муаккитхане (намаз уақытын есептеу бөлмесі) секілді тарихи нысандар қалпына келтірілген. Сонымен қатар, осыған дейін жабық тұрған галерея қабаты тазаланып, жөндеуден өткізіліп, келушілерге қайта ашылды. Жұмыс барысында кешендегі барлық нысандар 3D форматта сандық базаға түсіріліп, Айя-Софияның «цифрлық егізі» жасалды. Бұл мұқият жұмыс нәтижесінде Айя-София өзінің тарихи қалпында сақталып, келешек ұрпаққа аманат етіледі.
Айя-София – көне империялардың үнін жеткізетін сәулеттік жауһар
1985 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Айя-София – алғашында шамамен 1500 жыл бұрын христиан базиликасы ретінде салынған. «Киелі даналық шіркеуі» ретінде белгілі бұл нысан христиан әлеміндегі ең маңызды шіркеулердің бірі болған. Осман сұлтаны ІІ Мехмет Ыстанбұлды алған соң, ғимаратты мешітке айналдырып, ішкі мозаика мен фрескаларды күрделі исламдық өрнектермен жаптырған. Күмбезді құрылымға әртүрлі кезеңдерде төрт мұнара қосылды.
Сұлтан ІІ Селим батыс жағындағы екі мұнараның құрылысын әйгілі сәулетші Мимар Синанға тапсырды. Сонымен бірге, Сұлтан Айя-Софиядағы құрылымдық әлсіреу белгілерін жою үшін Синанға нығайту жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Мұнаралармен қатар, Синан ғимараттың ұзақ өмір сүруіне жол ашқан тірек қабырғаларын орнату және маңызды инженерлік шешімдер қабылдады. Оның бұл еңбектері ғасырлар бойы болған жойқын жер сілкіністеріне Айя-Софияның төтеп беруіне себеп болды.