
Ағылшындық «Манчестер Сити» клубының соңғы матчтарында өзбекстандық қорғаушы Абдуқодир Хусановтың алаңға шықпауының себебі белгілі болды. Бұл туралы Bassport.kz Upl.uz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Хусанов қатарынан үш ойында қосалқы құрамда қалып отыр. Ол соңғы рет 30 наурызда «Борнмутқа» қарсы матчта ойнап, небәрі 46 минут алаңда болған. Осыдан кейін «Сити» «Лестер», «Манчестер Юнайтед» және «Кристал Пэласқа» қарсы ойындар өткізді. 12 сәуірде өткен соңғы матчта команда 0:2 есебімен жеңіліп жатса да, 5:2 есебімен сенімді жеңіске жеткен болатын.
Футбол сарапшыларының пікірінше, Пеп Гвардиола команда нәтижесін шұғыл жақсартуға тырысып, өзінің ойын философиясын жақсы түсінетін футболшыларды таңдауға көшкен. Ал Хусанов болса, жаңа ортаға бейімделу кезеңін бастан өткеріп жатыр.
— Хусанов Англияға келген бетте негізгі құрамда ойнады, бірақ бұл оның сенімге ие болғанының емес, команданың сол сәттегі кадрлық тапшылығының салдары, — дейді сарапшылар.
Гвардиола өзбекстандық қорғаушыға жазғы маусым алдындағы дайындық кезінде мүмкіндік беруді жоспарлап отыр.